Зайсанда 500 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді

4 Қараша 2024, 14:00
237
Бөлісу:
Зайсанда 500 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді
Фото: BAQ.KZ архив

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында алғаш рет 500 гектарға жуық жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Бұл туралы журналистермен кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Нұржан Әміржанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыста 2,8 мың гектар жер су үнемдеу жүйелерімен суарылады. Биыл Өскемен қаласында жаңбырлатып суару қондырғыларын дайындайтын мекеме ашылды. Кәсіпорын өнімдерінің алғашқы үлгілері Ұлан ауданының 185 га жеріне орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 400 гектардан астам егіс алқабына су үнемдеу жүйелерін орнату жоспарланып отыр.

Еске салсақ, Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Осылайша, министрлік 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамтып, жылына 2,2 текше шақырымға дейін су үнемдеуге ниетті.

Шығыс Қазақстан облысында суару кезеңі сәтті өтті, бұл жақсы өнім жинауға мүмкіндік берді. Филиал 9,2 мың гектар жерді суару үшін шаруаларға 36,7 млн текше метр су берді. Вегетацияға дайындық аясында жалпы ұзындығы 18 шақырым болатын канал механикалық әдіспен тазартылды, гидробекеттерді жөндеу және оларды аттестаттау жұмысы жүргізілді, - деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Нұржан Әміржанов.

Өзгелердің жаңалығы