Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Зайсан ауданының 8 елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталуы мүмкін. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесі барысында айтылды.
Дегенмен үйлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, көсегелерін көгерткісі келетін көптеген зайсандықтар әлі де оның нақты бағасын біле алмай отыр. Осы себепті сайт тілшісі аталмыш мәселе бойынша Зайсан ауданының әкімдігіне хабарласып, газ құбырларын тарту бағасын анықтап көрді.
Зайсан аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғатбек Бықаевтың хабарлауынша, жеке тұрғын үйге газ тартуды үй иесінің өзі шешетін көрінеді. Үйге газ тартатын жағдайда «ҚазТрансАймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалына өтініш берген соң әрі қарай жоба жасалынып, аталмыш кәсіпорын мамандары тұрғын үйге құбыр тарту жұмыстарын жүргізеді.
«Үйге газ тарту жоба бойынша орта есеппен 100-180 мың теңгеге атқарылады. Бұл тұрғын үйден бастап магистральді газ құбырымен арадағы қашықтыққа байланысты. Құрылғылар құны орта есеппен 130-180 мың теңгені құрайды. Ал құрылғыларды орнату-монтаждау жұмыстарының құны 50-80 мың теңге аралығында. Қосымша жылу жүйесін тарту қажеттілігі болса, мысалы радиаторлар мен батареялар орнататын жағдайда оның бағасы 70-160 мың теңге аралығында болмақ. Себебі аудан бойынша жылу жүйесі тартылмаған үйлердің саны көп. Көпшілігі отын-көмір жағатын кәдімгі пешпен ғана отыр. Осылайша, бір тұрғын үйді газ құбырларына қосу орташа есеппен 280-450 мың теңгені құрайды», - дейді Талғатбек Файзрахманұлы.
Жалпы, бүгінгі таңда Зайсан ауданында табиғи газдың 1 текше метрі 11 теңгені құрайды. Әр үйге немесе ғимаратқа есептеуіш құрылғылары орнатылады. Бөлім басшысының айтуынша, аталмыш есептеуіш құрылғының көрсеткіштеріне сәйкес, әр отбасы үйді жылытуға, тамақ пісіруге айына орта есеппен 4000-5000 теңге төлейтін көрінеді.
Бұған дейін биыл Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының 8 елді мекеніне газ құбырларын жеткізу жұмыстары басталуы мүмкін екендігін хабарлаған болатынбыз.