26 тамызда Шымкент мұнай өңдеу зауытында қайғылы жағдай болды. Зауытта екі жұмысшы қаза тапқаны туралы ақпаратты "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға күндізгі уақытта болған. Оқшаулау жұмыстары барысында автокөтергіш аударылып кеткен.
26 тамыз күні сағат 14:30 шамасында кәсіпорын аумағында оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде автокөтергіш аударылып, екі адам қаза тапты. Қаза болғандар – "КРС Астана" ЖШС мердігер ұйымының оқшаулаушылары. Оқиғаның себебін арнайы құрылған жұмыс тобы анықтап жатыр. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ компания өкілдері марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтатындарын жеткізді.
Полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу аяқталған соң іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – дейді құқық қорғаушылар.