Зарина Райфова – Азия Пара ойындарының чемпионы

Қазақстандық спортшылар пара садақ ату мен жеңіл атлетикадан да жүлдеге қол жеткізіп, ел қоржынына күміс және қола медальдар қосты.

21 Қазан 2026, 12:25
АВТОР
 Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 21 Қазан 2026, 12:25
21 Қазан 2026, 12:25
130
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстандық пара дзюдошы Зарина Райфова Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ол J2 санатында +70 келі салмақ дәрежесінде айналмалы жүйе бойынша өткен жарыста барлық қарсыласын жеңді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іріктеу кезеңінде Зарина Райфова Қытай спортшысы Ванг Пингті, Үндістан өкілі Димплді, сондай-ақ Өзбекстан спортшылары Махинур Пармонова мен Хабиба Джураеваны иппонмен ұтты.

Қазақстан құрамасы пара садақ атудан да тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ерлер арасындағы W1 класы бойынша жұптық сында Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым күміс медаль иеленді. Финалда қазақстандық спортшылар Қытай құрамасына 0:6 есебімен есе жіберді. Үш сет те Қытай спортшыларының пайдасына аяқталды: 37:31, 35:32 және 37:35.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Пара жеңіл атлетикадан ұзындыққа секіру сайысында (T13 класы) Ислам Сәлімов 6,30 метр нәтижемен күміс жүлдеге ие болды. Алтын медальді 6,93 метрге секірген Жапония спортшысы Рёта Фунагага жеңіп алса, Өзбекстан өкілі Батыр Мұхамедов 6,24 метр нәтижемен қола медаль алды.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Ядро итеруден (F53 класы) Махамбет Серікқалиев 6,81 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды. Ол бұл көрсеткішімен жеке рекордын жаңартты. Бірінші орынды 8,16 метр нәтижемен Үндістан спортшысы А. Верма, екінші орынды 8,09 метр көрсеткішпен Иран өкілі А. Хемами иеленді.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Осылайша, қазақстандық спортшылар V Азия Пара ойындарында пара дзюдо, пара садақ ату және пара жеңіл атлетикадан жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Бұған дейін, пара велоспорттан Қазақстан құрамасы екі алтын мен бір күміс жүлде жеңіп алды. 

Наверх