Зарема Шаукенова: Сайлау – демократияның өлшемі

20 Қазан 2022, 12:59
1958
Бөлісу:
Зарема Шаукенова: Сайлау – демократияның өлшемі
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Зарема Шаукенованың елдегі кезектен тыс сайлау мәселесі мен Мемлекет басшысының өңірлерге сапары туралы пікірін білген едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

- Зарема Кәукенқызы, өзіңіз жақсы білесіз, жақында Мемлекет басшысы елімізде кезектен тыс Президенттік сайлау болатынын айтып, жарлыққа қол қойды. Біз бұл жолғы кезектен тыс сайлауда не ұтамыз?

- Кезектен тыс Президенттік сайлау бүкіл саяси жүйені түбегейлі қалпына келтіруге әкелетін саяси циклдің бастамасы болады. Ал тұтастай алғанда, елдегі саяси дамуды өзгертудің қажеттілігі азаматтардың сайлауалды үмітне тығыз байланысты.

- Тоқаевтың соңғы үш жылдағы саяси қадамдарын саралап отырсақ, осы жолғы сайлауға президенттік постқа келе салып дайындалған секілді?

- Солай деуге де болады. Әсіресе, биыл 29 қаңтарда «Хабар» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы саяси реформалардың бағыты қалай болатынын жұқалап болса да айтқан болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси өрісін елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті. Бұл біздің жақын арада елімізде жаңа идеялары, сындарлы көзқарасы бар, оппозициялық өрісті нығайта алатын, саяси жүйенің жалпы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, өзінің тың трансформациялық бағдарламаларын ұсына алатын, жаңа саяси партиялардың пайда болуының куәсі болатынымыздың белгісі еді. Мемлекет басшысының айтуынша, билік партиясының өзінде де оппозиция бар. Сондықтан заман талабын ескере отырып, оны жаңғырту керек. Содай-ақ Президент Парламентті байыпты түрлендіру қажеттігіне тоқталған болатын.

Партиялар мен азаматтық белсенділер қызметін жандандыруға сайлау науқанынынан артық ештеңе серпін берме алмасы белгілі. Сайлау – демократияның өлшемі, саясаткерлерге деген сенімнің термометрі. Расында да, жарты жылдан бері Қазақстандағы саяси өмір айтарлықтай қыза түсті. Қазіргі саяси партиялар ребрендинг, кадрлық өзгерістер жүргізді, өз платформаларымен жұмыс істеді. Оппозиция жетекшілері консенсус табуға тырысты. Белгілі қоғамдық қозғалыстар саяси партияға айналуға бастама көтерді. Ал жекелеген танымал тұлғалар да жаңа партия құруға тырысып келеді.

- Біздің халықтың саясаткерлерге деген сенімі аз секілді. Яғни өзін саясаткер санайтын тұлғалардың халық алдындағы сенім лимиті таусылған деуге де болады...

- Жоғарыда аталған сұхбатында Мемлекет басшысы белгілі бір саяси құрылымдардан жоғары тұруды, әртүрлі саяси күштерді мемлекетіміздің мүдделерінен туындайтын ұстанымдары тұрғысынан ортақ мәмлеге келтіру үшін «магнит» рөлін атқаруды қажет деп санайтынын айтқан болатын. Ал қоғамдық сенім – күрделі әлеуметтік құбылыс. Халық саясаткерлерге әр түрлі сенім артады. Біздің әлеуметтік салнамамыз бойынша Президентке деген сенім рейтингі Үкіметке, Парламентке, әкімдерге, партияларға, қоғамдық ұйымдарға сенім көрсеткішінен ұдайыжоғары болады. Бұл заңды да. Бұл – қоғамның еліміздің саяси өміріне оң серпін мен тұрақтылық сыйлаған өз Президентіне деген жоғары сенімі. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының өзіне елдегі жетекші қоғамдық күштер тарапынан сенім мандаты тапсырылып, оны халықтық коалициядан президенттікке кандидат етіп бірауыздан ұсынды.

- Сайлау мәселесінде гендерлік теңдік биыл біршама өзгерген секілді. Әрине жақсы жағына...

- Дұрыс айтасыз. Біз ел Президенттігіне кандидаттарды ұсыну қаншалықты белсенді жүргізілгенін көріп отырмыз. Ал осы жоғары лауазымға бірден 3 әйелдің ұсынылғанына қуанбасқа болмайды. 

Әрине, сайлау – ерекше саяси мәдениет, қоғамдық келісім. Кейде саяси-шоу өткізбеуге болмайтын жағдайлар да болады. Үміткерлер мен олардың штабының өз тактикасы, өз мақсаттары бар. Бірақ менің ойымша, сайлаушылар бұған шынымен үміт артып, сеніп қалады. Себебі үміткерлер мемлекеттегі ең маңызды лауазымға сайлану үшін халыққа өздерінің іс-қимыл бағдарламаларын ұсынады ғой.

- Сайлау қаншалықты әділ өтеді деп ойлайсыз?

- Мен ештеңе айтпай-ақ қояйын. Бұл мәселеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестіктің кепілі болатынын ерекше атап өтті. Ол саяси жүйені, сайып келгенде, экономиканы өзгертуде оң нәтижелерге қол жеткізуді өзінің миссиясы деп санайды. Біз саяси трансформация мен экономикалық трансформациямен қатар айналысуымыз керек.

- Тура сайлау алдындағы Тоқаевтың өңірлерді аралауы нені білдіреді? Алдағы сайлауға дайындық емес пе?

- Өз басым олай ойламаймын. Егер сапар кезіндегі халықпен кездесу барысындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздеріне зер салар болсаңыз, ол сайлау туралы мүлде айтпайды деуге болады. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлерге жұмыс сапарлары мен халықпен кездесулерінде айқын көрсетті. 

Руханиятымыздың мызғымас діңгегі – Түркістан өңірінен бастау алған сапар барысында Президент жаңа құрылған Абай өңірінде, ғылым, білім, өнер және мәдениет ошағы – Семей қаласында, еліміздің бүкіл өнеркәсіп саласының локомотиві – Қарағанды облысында және Отанымыздың энергетикалық жүрегі – Павлодар облысында да болып қайтты. 

Алматы облысы жұртшылығымен кездесуі жаңа облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Өзіңіз білетіндей облыс орталығы азаматтардың өтініші бойынша Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне аталды. Бұл шешім тарихи әділеттіліктің салтанат құруы және халық қалауының көрінісі болғаны сөзсіз. Сапар барысында Мемлекет басшысы Алматы облысын дамытудың алты басымдығын атап өтті. Бүгінгі Жетісу жұртымен кездесуде де Президент халық көкейіндегі мәселелерді дөп басып, қарапайым халықтың өз Президентінен қандай қолдау күтетінін болжампаздықпен саралай сөйледі.

Жалпы Президент барлық кездесуінде халық алдында, жұмыс топтары арасында нақты деректерге сүйене отырып, сөз сөйледі. Осы өңірлердің мәселелерін жетік біле отырып, Мемлекет басшысы тұрғындарға арнаған үндеуінде облыс, қала, аудан басшыларының алдына қай салаға қатысты болса да, нақты міндеттер қойды. 

Туған жерім Қарағанды облысына барған сапарларында, Президент «Қазақстанда олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілік кезеңі келе жатыр» деген нық сөзін айтқан болатын. «АрселорМиттал» компаниясы мен облыс халқының жартысы тұратын 5 моноқаланың жұмысшылары Президенттің сөзін қандай толғаныспен естіп, қабылдағанын елестете аламын. Еңбек жолын Қарметкомбинатта (бүгінгі АрселорМиттал Теміртау) бастаған адам ретінде Мефистофельдің «Адамдар металл үшін өледі!» деген ариясындағы жолдардың шындығын, бұл жұмыс орнында өлімге әкелетін жарақат алудың ең жоғары қаупін білемін. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, тек 2022 жылдың өзінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында жұмысшылар өлімінің бірнеше оқиғасы тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті модернизациялауға ұдайы инвестиция салуы керек. Өндірістік жарақаттардың өсуіне кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру бойынша уәкілетті органдар жүйелі шаралар қабылдауы қажет. 

- Дұрыс айтасыз, өндірістік қауіпсіздік мәселесі тиісті органдардың үнемі бақылауында болуы керек. Ал осы сапарларында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп, мақсатты бағдар көрсететінін айтып отырсыз ғой. Соның орындалуы қалай болады? Көп жағдайда Президент тапсырмасы тыңғылықты орындалмай қалатын секілді, менің ойымша?..

- Мемлекет басшысының жұмыс сапарларынан билік құрылымдары мен азаматтық қоғамның қоғамдық-саяси әріптестігі халықтың өздері билік тапсырған тұлғаларға деген сенімінің жоғары деңгейін, билік органдарынан келетін шешімдерді ортақ игілікке әкеледі деп орындауға дайындығын көрсетеді. Қазіргі сарапшылар халықтың билік институттарына деген сенім дәрежесін «саяси капитал» деп атайды. Консенсусқа ұмтылу, мүдделер тепе-теңдігі, ымыраға келу Президент Тоқаевтың негізгі тұжырымдамасы, идеологиялық кредосы – «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» маңызды құрамдас элементтері. Оның халықпен байланысы – саяси капиталын ұдайы нығайтып, күшеюуіне негіз болады.

Осындай нормалар мен принциптер саяси басқару саласын анықтайды. Саясат – бұл ашық күштердің бәсекесі және бәсекелестіктің нәтижесі, ол қандай болса да, саяси кеңістіктің бірден-бір заңды формасына айналады. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттіктерінің мерзімінің қысқарғанына қарамастан, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет мүддесін жоғары қоя отырып, «Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халық сенімінің жаңа мандаты қажет» деп атап өтті.

Жалпы, Президент сайлауы кезінде бүкіл қазақстандық қоғамды топтастыру – Мемлекет басшысының жауапкершілік танытуға, демократия, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарына адал болуға, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігін паш етуге үндеуіне бірден-біржауап болмақ.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы