ҚХА атынан тағайындалған сенаторлар - этностар мүдделерінің қорғалуының кепілі. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ҰҒА академигі Зарема Шаукенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық саясатты қалыптастыру және жүргізу құралы ретіндегі рөлі қашан да маңызды. Ол сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы - Президент екенімен ерекшеленеді. Ұлттық саясаттың негізгі азаматтық институты елде болып жатқан динамикалық үрдістер, демографиялық құрылымға байланысты қоғамдық санадағы өзгерістер, оның ішінде ұлттық-патриоттық сезімдердің артуы, олардың ықпалы мен кең таралуы сияқты көптеген факторды ескере отырып бейімделуі керек, - деп айтты сарапшы.
Шаукенованың сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы саяси өмірде қандай рөл атқаруы керек деген сұрақ риторикалық емес. Мемлекет құрушы этнос пен барлық этникалық топты қоса алғанда, бүкіл халық пен халықтық дипломатияны біріктіру тетігі ретінде әрекет ету өте күрделі міндет.
Кезінде ҚХА-ның саяси функцияларын анықтау мәселелерінің туындауының өзі Парламент Мәжілісіндегі ҚХА квотасын қолдаудың салыстырмалы сипатта болғанын аңғартты. Сонымен әлеуметтану зерттеуі деректері бойынша респонденттердің тек 40%-ы ҚХА-дан Парламент Мәжілісінің депутаттарын тағайындауды мақұлдады, 44,5%-ы бұл сұраққа жауап беруде қиындықтарға тап болды, 15%-ы мұндай тәжірибеге үзілді-кесілді қарсы болды, - дейді ол.
Зарема Шаукенова келтірген деректерге сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұсынылған депутаттардың алғашқы сайлауы ҚХА-ның кезекті XIII сессиясында, яғни 2007 жылдың 20 тамызында өткізілген болатын. ҚХА атынан 9 депутат Мәжілістің төртінші шақырылымының құрамына кірді.
2007 жылдан бастап барлығы төрт шақырылымда (2012, 2016, 2021 жылдарындағы Мәжіліс сайлауы) ҚХА-дан 30 адам сайланды. Олардың алтауы, М. Ахмадиев (2007, 2012), Е. Каппель (2007, 2012), Р. Ким (2012, 2016), А. Мурадов (2012, 2016), Ю. Тимощенко (2012, 2016), С. Абдрахманов (2016, 2021) Парламентке екі рет сайланған. ҚХА-дан сайланған Мәжіліс депутаттары квотасының гендерлік құрамында әрқашан ерлер басым болды - бір әйел (2007 жылы – Л.Хочиева және 2021 жылы – Н. Дементьева) және 9 адамның екеуі (2012 жылы – Н.Нестерова, З.Салыкова және 2016 жылы – Н.Жұмаділдаева, Н. Михаэлян). Бұл ретте барлық төрт шақырылымда да ҚХА квотасы бойынша 4 этностың өкілдері - қазақтар, орыстар, ұйғырлар, корейлер; үш шақырылымда - украиндар; екеуінде – неміс, шешен, өзбек, армяндар және дүнгендер; бір шақырылымда – беларусь, балқар, әзірбайжан, татар депутат болды.
Биыл 19 наурызында өтетін парламенттік сайлаудың басты жаңалықтарының қатарында Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясына квота берілмейтіндігі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Парламент Мәжілісі белгілі бір салаға жасанды басымдық бермей, елдің барлық сайлау ландшафтының қамтылуы қажет екенін ерекше атап өтті. ҚХА квотасы Сенатқа көшіріледі және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқарады. Бұл ретте іс жүзінде әлеуметтік топтардың дауысы мен пікірлерін есепке алу тетігі болып табылатын Сенаттағы президенттік квотаның өзі 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартылды, оның 5-і Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сайланбай, ҚХА кеңесімен ұсынылады, - деп түсіндірді Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына 5 кандидатураны ұсынды, олар: Е. Больгерт, З.Қазиев, Н.Ниязов, А. Сатвалдиев және Г. Шиповский. Барлық кандидатураны Президент өзі қабылдап, Президенттік тізім бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат депутаттарын тағайындау туралы тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойған болатын.
Президент ҚХА-дан тағайындаған алғашқы сенаторлардың қатарында неміс, ұйғыр, татар, өзбек және орыс этностарының өкілдері бар. Гендерлік қағида бұрынғы пропорцияда сақталып қалды. ҚХА тарапынан сайланған Сенаттың барлық депутаты мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, жоғары беделге, кәсіби тәжірибеге ие. Ал Шиповский үшін қазақ тілі - ана тілі, оны өте жоғары деңгейде меңгерген. Сонымен қатар екеуі З. Кузиев пен Г. Шиповский бұрын да Парламент Мәжілісінің депутаттары болған, - деп толықтырды ол өз сөзін.
Шаукенова атап өткендей, Парламент Сенатының Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан тағайындалған депутаттары - этностар мүдделерінің қорғалуының кепілі. Мемлекет басшысының ел Конституциясы мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы Заңның негізінде демократиялық сайлау стандарттарын сақтай отырып тағайындайтын ҚХА сенаторлары жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандық негізінде Қазақстанның этникалық топтарының мүдделерін білдіреді. Бұл модель Қазақстанның парламенттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігін білдіреді.
Жалпы партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау процестеріне қатысуына жаңа мүмкіндіктерді береді. Парламент Мәжілісінің алдағы сайлауындағы партиялық тізімдер, бір мандатты округтер бойынша кандидаттарды сайлау да Қазақстанның этникалық алуан түрлілігін көрсетеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісім саясатының берік институционалдық тірегі болып қала береді. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Халық бірлігі – жаңа Қазақстанның негізі», «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды» деп атап өткен болатын, - деді академик Зарема Шаукенова.
Сонымен қатар оның сөзінше, «Біз әртүрліміз - біз теңбіз» ұраны - бұл саяси жаңарудың негізгі іргетасы. Жаңа саяси шынайылықта бейбітшілік, келісім және халықтың бірлігін қымбат санайтын адамдардың Парламенттегі дауыстары ерекше маңызға ие.