Зардыханмен өткен ұмытылмас жылдарым

17 Желтоқсан 2020, 18:33
1923
Бөлісу:
Зардыханмен өткен ұмытылмас жылдарым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Моңғолия кәсіподағы орталық комитетінің хатшысы, Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған, Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі Зардыхан Қинаятұлының туғанына 80 жыл толып отыр.

Ол 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2016 жылы Алматыда дүиеден өткен болатын. Назарларыңызға Зардыхан Қинаятұлының үзенгілесі, Моңғолия Кәсіподақ қозғалысының аға қайраткері, Еңбек қатынастарын зерттеу институтының директоры, Педагогика ғылымдарының докторы Гүрсэдийн Дүгэрээнің Зардыхан Қинаятұлы жайлы естелігін ұсынып отырмыз. Моңғол тілінде жарық көрген еңбекті сол елде тұратын қандасымыз Хабсатар Омарұлы қазақ тіліне аударған.

Қинаятұлы Зардыхан деген қарапайым әрі болмысы бөлек, ерекше тұлғаны мен сонау 1978 жылы Ресейдің, қазіргі Санкт-Петербург қаласында, Кәсіподақ жоғарғы оқу орнының соңғы курс студенті болып жүргенімде, танып-біле бастадым. Зақаңды «ерекше тұлға» деп атауым жай бір сөздің ию-қиюын келтіру үшін қоса салған сөзім емес. Моңғолдың Орталық Кәсіподағының үлкен басшыларының бірі болған ол кісі бұл мекемеде келешекте қызмет ететін кадрларды сынақтан өткізіп, таңдау, еліміздің жағдаятынан толық мәлімет бере, ол алған ақпаратын кабинетте естіп-білгендерімен ұштастыра қорытынды жасау қажет екенін студенттерге толық жеткізіп, оқып жүрген біздің әрқайсымызды сүзгіден өткізді.

Кеңестер одағының осы бағыттағы екі ЖОО-да Моңғолияның көптеген азаматтары оқып, білім алып жатқанбыз. Мен, өзімше, алдыңғы қатардағы студенттердің бірімін. Сонымен қатар, студент, аспиранттардың партия ұясын басқаратынмын. Соған семірдім бе, білмеймін, әйтеу, өткір мәселелер қойып, қызыл тілге сүйеніп, Кәсіподақ ұйымын да, Зақаңның өзінен бастап бастықтарды да қатты сынап сөйледім. Университет бітіріп келсем, Дархан қаласына, партия жұмысына тағайындалатын болыппын, тіпті ол жерден екі бөлмелі пәтер дайындапты. Бірақ Зақаң оның барлығын өзгертіп, тура өз қарамағына жұмысқа алды. Көбінесе сырт қатынасына байланысты жұмыстарды жауаптандырды.

Оппозициялық бағытта жүрген мені жұмысқа алғанды қойып, маңайына жолатпайтын болар деп ойласам, керісінше істегені Зақаңның жеке басын ойлағаны емес, іс-қызмет мүддесін ең алдымен ойлайтын қасиеті екен. Оны кейін де бірнеше рет көріп, көзім жетті.

Кәсіподақ ұйымының Кеңестер одағынан, оның Кәсіподақтарымен тура байланысты істер, әсіресе, ол кезде ең маңызды деп саналатын Моңғол-КСРО достығы, іс-тәсілдерінің тәжірибесі, басқа да «социалистік» деп аталатын жүйедегі елдермен қатынас менің мойнымда еді. Осындай іс-шаралардың кейбіріне ел басшылары да келіп қатысады. Әр саяси шараның соңында Зақаң барлығын қорытып, баға береді. Осылайша, мені осы саланың жұмысына алғаш сол кісі үйретіп еді.

Зақаң іске өте тыңғылықты қарап, әр детальдарына дейін мұқият тексеретін. Реттілікті қатаң талап ететұғын. Содан «сенің жұмысыңа, анау бір істеріңе көңілім толды», «мынадай жағын келешекте ерекше еске алып, қадағалап жүр» дегендей, басшылық етуде көп нәрсені айтып, үйрететін. Бірде өзі қызметкерлерге сынақ жүргізді. Одан санаулымыз ғана құламай шықтық. Ол тексеруі бізді біраз жылғы жұмыс істеп, жатылғаннан соң, енді теориялық біліміміздің шыңдалып, толғанын өлшеп, саралап көруі екен. Осыдан кейін өскендерімізді жоғарылатып көтерді, өшкендерді төмендетті. Мен Эрдэнэт қалалық Кәсіподақ ұйымын басқаратын болдым. Ол жұмысым табысты болып, ел көлемінде шет елден келген өкілдердің тәжірибе алмасатын өңірі болды. Зақаңның өзі бастап шет елдік көптеген делегаттарды алып келгені бар.

Менің өз қызметімді тәптіштеп айта беруімнің себебі – арғы жағында Зақаңның басшылық әлеуеттілігі мол, білімі өте жоғары, еліміздің экономикалық және мәдениет салаларын, оның ішкі қыр-сырын жақсы біліп, меңгерген, оны ұйымымыздың іс-қызметіне толық ұштастыра білетін мемлекеттік емес ұйымның таңдаулы басшысы болып еді дегенді айтпақшымын.

Осылайша, біз он жыл бойы үзеңгілес болдық. Сол жылдар мен үшін ұмытылмас есте қалған, үйренген, көргенді адамнан тәлім алған жылдарым болды.

Зақаң ешқашан мансапқа құмартқан адам емес-ті. Керісінше, қай ұйым-мекеме болса да, жаңарса екен дейтін жаңашыл адам еді. Сол 90-жылдардың үлкен өзгеріс, жаңашылдық басталған кезі еді. 1990 жылдың маусым айында еліміздегі Кәсіподақ ұйымының кезектен тыс құрылтайы шақырылып, бұл ұйымды түбірімен өзгерту ісі талқыланғанда, қоғамды жаңартушылардың идеялық басшысы болған Зардыхан Қинаятұлы ерекше міндет атқарды. Ол кезде мен осы одақтың орталық аппаратында қызмет атқарып тұрған кезім. Құрылтайдың соңғы мәжілістерін басқардым. Тек одақтың ережесін төрт сағат бойы талқылағанда, Зақаңның пікірі негізгі жетекші күш болды. Құрылтайда, одақ басшысын сайлауда, Үкіметтің орынбасары болып тұрған Зақаңды құрамына енгізу туралы сөйлескенде, әлі де жаңашылдықты мойындамайтын топтардың қыспағымен көп талас болып, отырыс біраз созыла берді. Сол кезде мен: «Зақа, қайтесіз, бас таратсыз ба?» - деп едім, ол кісі бірден келісіп, шуылдаған талас басылып, бәрі жөнге келді.

Міне, осындай бір абзал қазақ азаматы Қ.Зардыхан қандай мәнсапта болса да қарапайымдылығы басым, өте жинақы, ұқыпты, ақыл-білімі, оқыған-тоқығаны көп азамат екендігін танытушы еді. Оның ұмытылмас адам болғаны соншалық, - өзімнің ерік-жігерімнен тыс, ойыма қайта-қайта орала береді...

Моңғолия Кәсіподақ қозғалысының аға қайраткері,
Еңбек қатынастарын зерттеу институтының директоры,
Педагогика ғылымдарының докторы Гүрсэдийн Дүгэрээ
Моңғол тілінен аударған Хабсатар Омарұлы

Өзгелердің жаңалығы