Сәйкестік сертификатын алу бойынша заңсыз қызмет көрсеткен жиырмадан астам интернет-ресурс анықталды, деп хабарлады BAQ.KZ.
Техникалық реттеу және метрология комитеті Қазақстанның сәйкестікті бағалау нарығында интернет-ресурстарда сәйкестік сертификаты мен сәйкестік туралы декларацияларды жедел алу бойынша қызмет көрсететін консалтингтік компаниялар жұмыс істейтінін анықтады.
Айта кетсек, «сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға сәйкес сертификаттау және сынақ жұмыстарын тек аккредиттелген растау органдары мен сынақ зертханалары жүргізеді.
Сонымен қатар жарнама туралы заңға сәйкес, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелмеген ұйымдарға өнімнің сәйкестігін растау саласындағы сәйкестікті, делдалдық және міндетті растау қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады.
Консалтинг компанияларының бұл интернет-ресурстары кей жағдайларда нақты сынақсыз сәйкестікті растау құжаттарын жедел алуға көмектеседі. Сонымен қатар бұл компаниялар Қырғызстанда құжаттардың ең аз пакетімен және қысқа мерзімде сәйкестікті растайтын құжат алуды ұсынады. Осыған байланысты АҚДМ-нен өз құзыреті шегінде аталған сайттарға шара қабылдауды сұрадық, - деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернет-ресурстарға мониторинг жүргізді.
Мониторинг нәтижесінде ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы» заңдарын және Әкімшілік құқық бұзу кодексін бұзу фактілері анықталды.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде АҚДМ Қазақстан аумағында 22 интернет-ресурсты шектеді.
Сондай-ақ онлайн-жарнама платформаларынан заңсыз материалдарды жою мақсатында ресурс иелеріне ұсыныс хат жолданды.