Үндістанның солтүстік-шығысындағы заңсыз көмір шахтасында болған жарылыс салдарынан кемінде 18 кенші қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 5 ақпанда Мегхалая штатының Джайнтия шығыс жоталары ауданында болған. Полицияның мәліметінше, жарылыс шахта ішінде орын алған. Мұнда көмір «егеуқұйрық індері» деп аталатын аса қауіпті әдіспен өндірілген. Бұл тәсілде тар тоннельдерді қазу үшін динамит пайдаланылады, ал жұмысшылар жер астында бүк түсіп жүруге мәжбүр болады. Алдын ала болжам бойынша, дәл осы жарылғыш заттың жарылысы қайғылы жағдайға себеп болған.
Қазіргі уақытта 18 кеншінің мәйіті табылды. Тағы бір адам ауыр күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Билік өкілдері үйінді астында басқа да адамдар қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Егеуқұйрық індері» әдісімен көмір өндіруге өңірде ресми түрде тыйым салынған. Алайда белсенділердің айтуынша, сот шешімдері мен жоғары өлім қаупіне қарамастан, мұндай тәжірибе әлі де жалғасып келеді.