Заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқандар анықталды

24 Қыркүйек 2024, 20:50
303
Бөлісу:
Заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқандар анықталды
Фото: Артём Чурсинов -архив

Ақтөбе облысында лицензиясы жоқ тұлғалар заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алмагүл Сүлейменова мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл 8 айда департамент жүргізген тексерулердің нәтижесінде заң бұзушылардың үстінен 33 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, оларға 6 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Биыл облыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 424-бабының 1-бөлімі, атап айтсақ, сертификаты немесе лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуы бойынша 3 хаттама толтырылып, оларға 267 670 теңге, сондай-ақ осы Кодекстің 426-бабы 1-бөліміне сәйкес «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» бойынша 30 хаттама толтырылып, заң бұзған тұлғаларға 5,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Тексеру нәтижелері бойынша медициналық мекемелерге 150 бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді, - дейді А.Сүлейменова.

Оның айтуынша, биыл департамент мамандары өңірде фармацевтикалық қызмет саласына - 210, медициналық қызмет саласына 161 тексеру жүргізген.

Биыл облыста медициналық қызмет саласында 79 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды. Нәтижесінде заң бұзушыларға 3,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Олардың қатарында медициналық көмек көрсету қағидаларын өрескел бұзған, сондай-ақ медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысу үшін лицензиясының қосымшасы жоқ азаматтар бар, - дейді Алмагүл Сүлейменова.

Өзгелердің жаңалығы