Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тәуелсіздік жылдарында жер учаскелерін заңсыз, кейде ашық қылмыстық жолмен жеке қолға беру тәжірибесі болғаны жасырын емес. Қазір біз оның салдарын жиі кездестіреміз. Мұндай жағдайлармен жұмыс істеу қиын. Біз бәрін қайтарғымыз келсе де, еліміздегі жеке меншік құқығы конституциямен бекітілген және оны елемеуге құқығымыз жоқ. Әйтпесе, біз құқықтық мемлекет деп аталмас едік. Әр жағдайда біз түрлі тәсілдерді қолданамыз. Егер учаскелер бұрынғы шенеуніктердің қадағаламауына немесе біліксіздігіне байланысты берілсе, жердің иесіне ымыралы шешім ұсынамыз.
Мысалы, соңғы жылдары Славский жағалауындағы үш учаске осылайша қайтарылды, - делінген жазбада.
Олардың екеуін иелері стандарттарға сәйкес келмейтін құрылыс үшін жоспарлаған екен.
Үшіншісі баршамызға белгілі "бекініс" - архитектуралық құрылымның астында орналасқан, оны біз сақтап қала алдық. Бірақ кейде билік пен жерді иемдену бойынша бизнес өкілдері арасында ашық келісімнің болатыны анық. "AutoExclusiveKZ" ЖШС-нің ШҚО-ның бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың қылмыстық ісінде үлестес тұлға екені белгілі болғаннан кейін, әкімдік қалалық прокуратурамен бірлесіп, осы компанияға тиесілі қаладағы учаскелерді алу жөнінде шаралар қабылдады. Олардың үшеуі ескі ипподром ауданында орналасқан. Бас жоспар бойынша мұнда көп қабатты ғимараттар құрылысы қарастырылған. Енді осы жерде кезекте тұрған қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалға берілетін көппәтерлі үйлердің құрылысын жобалауды бастаймыз.
Тағы бір учаске – Ертіс арқылы өтетін көпір мен амфитеатр ауданында. Бір таңқаларлығы, жеке меншіктегі аумақта азамат соғысы кезіндегі жаппай жерлеу орыны да бар екен. Бұрын айтқанымдай, мұнда Славский мен Пермитин арасындағы көпірдің астынан өтетін жол салу жоспарлануда (әрине, қабір мен ескерткіштің сақталуын ескере отырып), - деп жазды ол.