Заңсыз активтер елге қалай қайтарылады? Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады

7 Маусым 2023, 17:08
1294
Бөлісу:
Заңсыз активтер елге қалай қайтарылады? Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады
Фото: BAQ.KZ

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Елнұр Бейсенбаев осы заң жобасын әріптестеріне таныстырды.

Оның айтуынша, қазір әлемде активтерді іздеу және қайтару барлық елдің өзекті мәселесі болып отыр.

2022 жылдың басында Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Сондай-ақ әлемдік қаржы сарапшылардың жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд АҚШ долларына дейін жоғалтады екен, - деді Бейсенбаев.

Депутаттың айтуына қарағанда, қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады.

Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады. Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс. Осыған байланысты қаралып отырған заң жобасын әзірлеу және қабылдау бүгінде өте өзекті болып отыр. Бұл үрдіс Әділетті Қазақстан құру бағытына сай келеді, - деп айтты ол.

Заңның басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.

Сондай-ақ құжаттың негізгі концепциясы – заңсыз алынған активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау.

Заң жобасы аясында арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады.

Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдар қатарына жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады. Сонымен қатар әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу кіреді, - деп айтты Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте.

Оның айтуынша, активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар.

Заңның новелласына – шетелде активтерді қайтару бойынша жұмысты заң шеңберінде жүргізу тетіктері қарастырылған.

Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген:

1) ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады;

2) соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерді тәркілеу;

3) соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;

4) соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын дауысқа салып, құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ оған іліспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы