Туысқа немесе танысқа берілген қаржының қайтпай қалуы қоғамда жиі кездесетін мәселе. Осындай жағдайда не істеу керек? Бұл сауалға заңгер Азамат Марат бірнеше кеңес ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер туысыңыз, досыңыз немесе танысыңыз қарызға ақша алып, оны ұзақ уақыт бойы қайтармай жүрсе, заңгер Азамат Талғатұлы ең алдымен сабыр сақтап, әрекетті заң аясында бастауды ұсынады.
Алғашқы қадам - қарыз алушымен WhatsApp желісі арқылы байланыс орнату. Хабарламада қарыздың нақты сомасын атап, қайтару мерзімін сұрау қажет. Егер қарыз алушы «қайтарамын» деген мазмұнда жауап берсе, ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі шамамен 80%-ға дейін артады, - дейді маман.
Сонымен қатар банк арқылы жасалған ақша аударымдарының түбіртегі маңызды дәлел бола алады. Сондықтан қаржыны қолма-қол емес, ресми банк операциясы арқылы берген дұрыс. Бұл кейін даулы жағдайда қарызды дәлелдеуді едәуір жеңілдетеді.
Заңгердің айтуынша, көпшілік қарыз беру кезінде қолхат рәсімдеудің тәртібін білмейді.
Қолхат жазу барысында қарапайым парақты үш бөлікке бөліп, онда қарыз алушының жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), байланыс нөмірі көрсетілуі тиіс. Қарызға алынған сома міндетті түрде цифрмен де, сөзбен де жазылады. Сондай-ақ қарызды қайтару мерзімі, қолхат толтырылған күн мен қарыз алушының қолы болуы қажет, - дейді ол.
Егер қолхат та, түбіртек те болмаса, қарыз алушымен телефон арқылы сөйлесіп, әңгімені видео немесе аудиожазбаға тіркеуге болады.
Алайда мұндай дәлел сотта күрделірек қаралатынын ескеру қажет. Бұдан кейін сотқа дейінгі талап арыз жолданып, қарызды өтеу үшін бірнеше күндік мерзім беріледі. Егер осы уақыт ішінде төлем жасалмаса, сотқа талап-арыз түсіруге толық негіз бар, - дейді заңгер.