Заңгер: Пара алғандар мен бергендер мерзімінен бұрын босатылмайды

Сыбайлас жемқорлықтың да сипаты мен салмағына қарай түрлері әртүрлі болады. Пара бергендер де жазасыз қалмайды.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:23
Бүгiн 2026, 15:23
487
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде 126 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, соның 110-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер болып отыр. Бұл көрсеткіш қоғамда жемқорлық мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Осыған орай, Астана қаласы адвокаттар алқасының заңгері Әлімжан Жұбатқановтан Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық тәртіпті сұрадық.

Сыбайлас жемқорлық тек экономикалық шығынға әкеліп қана қоймай, қоғамның билік институттарына деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір дерек пен қозғалған іс - құқықтық тәртіпті нығайту мен әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды көрсеткіш. Заңгердің айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 15-тарауында – «Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар» бөлімінде қарастырылған.

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалардың немесе оларға теңестірілген адамдардың өз қызметтік өкілеттігін жеке немесе басқа адамның пайдасына заңсыз пайдалануын білдіреді. Сонымен қатар, оларға пара немесе заңсыз сыйақы беру арқылы шешіміне ықпал жасау да осындай қылмысқа жатады. Қылмыстық іс-әрекеттерді анықтау, тергеп-тексеру және сотқа дейінгі процесті жүргізу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жатады. Азаматтардан түскен өтініштер немесе басқа материалдар негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады. Егер іс барысында қылмыс құрамы бар деректер анықталса, іс сотқа жолданады, - дейді Әлімжан Жұбатқанов.

Қандай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеледі?

Сыбайлас жемқорлықтың да сипаты мен салмағына қарай түрлері әртүрлі болады. Кейбір құқық бұзушылықтар қоғамға онша зор қауіп төндірмегенімен, заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал енді бірқатары мемлекет пен қоғам мүддесіне елеулі зиян келтіріп, ауыр қылмыс санатына жатқызылып, Қылмыстық кодекс аясында қарастырылады. Яғни жемқорлық әрекеттерінің ауқымы мен зардабына қарай жаза да соған сай белгіленеді. Бұл - құқық үстемдігін қамтамасыз етіп, әділдік қағидатын сақтау үшін маңызды тетік.

Қылмыстық жауапкершілікке пара алу жатады. Кодекстің 366-бабында қарапайым пара алғандар 20–50 есеге дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады деп жазылған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында қызмет ететіндер немесе судьялар пара алса, 30–50 есеге дейін айыппұл немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Айтарлықтай мөлшерде пара алғандарға 50–60 есеге дейін айыппұл немесе 3–7 жыл қарастырлыған. Егер параны қорқытып алса, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе аса ірі мөлшерде алса жаза да ауырлайды, - дейді заңгер.

Астана қаласы адвокаттар алқасы адвокатының пікірінше, пара бергендер де жазасыз қалмайды. Қылмыстық кодекстің 367-бабында қарапайым пара бергендер 20–30 есеге дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады деп жазылған. Ал айтарлықтай мөлшерде пара берсе, 30–40 есеге дейін айыппұл немесе 3–7 жыл қарастырылған. Аталмыш қылмыс бірнеше рет қайталанса, алдын ала сөз байласып немесе ірі мөлшерде пара берсе, айыппұл да қамау мерзімі де көбейеді.

Егер сыйлық құны 2 АЕК-тен аспаса және алғаш рет берілсе, алдын ала уағдаластық болмаса – қылмыстық жауапкершілік болмайды, тәртіптік немесе әкімшілік жолмен қаралады. Пара беруші, егер пара қорқытып алынған болса немесе құқық қорғау органына хабарласа – қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Пара алған тұлғаға: өмір бойына мемлекеттік және квазисекторда қызмет атқаруға тыйым, мемлекеттік наградалардан айыру қарастырылған.Пара берушіге қатысты жауапкершілік жеңілдеу: айыппұл мен қылмыстық жазаның көлемі төмен, қосымша санкциялар аз. Ал мерзімінен бұрын босату сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қолданылмайды, - дейді Әлімжан Жұбатқанов.

Заңгердің айтуынша, егер әрекетте қылмыстық құрам болмаса, айыпталушыға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 34-тарауы қолданылады:

  • 676-бап: жеке тұлға заңсыз сыйақы берсе – 200 АЕК.
  • 677-бап: лауазымды тұлға заңсыз сыйақы алса – 600 АЕК.
  • 678-бап: заңды тұлға берсе – 750 АЕК, қайталанса – 1500 АЕК.
  • 679-бап: мемлекеттік орган заңсыз кәсіпкерлікпен айналысса – 600 АЕК.
  • 680-бап: сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара қабылдамау – 100 АЕК.
  • 681-бап: бұрын жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдау – 100 АЕК айыппұл төлейді.

Жемқорлықпен күрес күшейді

Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыспен күрес күшейді. 2025 жылғы өзгерістер:

  • Пара ұсыну немесе уәде ету – қылмысқа жатады, заңсыз сыйақы үшін жауапкершілік енгізілді.
  • Заңды тұлғаларға арналған айыппұл мөлшері өсті.
  • Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімі енгізілуде.
  • Антикоррупциялық құрылым қайта ұйымдастырылды: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметі ҰҚК құрамына қосылды.
  • Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау міндеттемесі күшейтілді.
  • Мүдделер қақтығысы жағдайында кейбір орындау әрекеттеріне тиым салуға қатысты жаңа нормалар енгізілді.
  • Тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік нормалары нақтыланды.

Қазақстан 2025 жылы ТМД елдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялады. Бұл мемлекеттердің жемқорлықпен күрес пен құқықтық ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді: ақпарат алмасу, тергеу, ұстап беру және басқа іс-шараларды үйлестіру қарастырылған, - дейді адвокат.

Көктем ҚАРҚЫН

 

Наверх