Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Заңгер: Адвокатураны күшейтпей, әділдік орнамайды

14 Қараша 2025, 13:54
508
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, заңгер Айжамал Мыңжасар елордада өткен «Елдің жоғарғы заң шығарушы органына – жаңа серпін және жаңа тыныс» атты дөңгелек үстелде елдегі адвокатураны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз мемлекеттің саяси құрылымын түбегейлі жаңартуға бағытталған ең көлемді өзгерістердің алдында тұрмыз. Бұл көптен бері қоғамда айтылып жүрген мәселе. Қазір біздің алдымызда күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидаты негізінде жаңа саяси жүйені қалыптастыру міндеті тұр. Бұл – ауқымды да, оңай емес міндет, - деді Айжамал Мыңжасар. 

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин атап өткендей, өзгерістер Конституцияның шамамен 40 бабына қатысты болмақ. 

Бұл – өте маңызды процесс, және оның табысты жүзеге асуы азаматтық қоғамның, ғылыми орта мен сарапшылар қауымының белсенді қатысуына тікелей байланысты. Осы тұста құқықтық саланың, әсіресе адвокатураның рөлі ерекше маңызға ие, - деп атап өтті адвокат.

Айтуынша, жаңарған Парламент мықты құқықтық жүйесіз мүмкін емес, ал әділ мемлекет тәуелсіз әрі күшті адвокатурасыз өмір сүре алмайды.

Сол себепті осы концепцияға үйлесетін бірнеше ұсынысты атап өткім келеді. Адвокат ешқандай қысым көрмей, өз міндетін еркін әрі тәуелсіз атқара алуы қажет. Бұған қоса, мемлекет ұсынатын кепілді заң көмегі жүйесін реформалау, адвокат еңбегінің ақысын көтеру және тергеу органдарына немесе соттарға тәуелділікті жоятындай төлем тәртібін өзгерту қажет, - деді заңгер.

Сондай-ақ ол Адвокатура академиясын құру туралы ұсынысын ортаға салды.

Адвокатураның тұрақты дамуы үшін Адвокатура академиясын құру өте маңызды. Бұл – заманауи білім беру алаңы болуы тиіс. Мұнда адвокаттар біліктілігін арттырып, құқықтың жаңа бағыттарын, цифрлық технологияларды, криминалистиканы, құқықтық психологияны, қоғамдық коммуникация мәдениетін меңгере алады. Академия тәжірибелі буынның білімін және жас мамандардың энергиясын біріктіретін жаңа кәсіби этиканың орталығына айналады. Сонда адвокатура тек кәсіби ұйым ретінде ғана емес, құқықтық мемлекеттің интеллектуалдық қозғаушы күші ретінде дамып, технологиялық әрі әлеуметтік өзгерістерге бейімделе алады, - деп түйіндеді Айжамал Мыңжасар.

Еске салайық, Астанада сарапшылар Қазақстан парламентаризмінің жаңа кезеңін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы