Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолдауда айтылған заңдық тұжырымдамаларды Парламент жан-жақты қарайтын болады.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірінде осылай деді.
Жолдауда қоғамдағы барлық сала қамтылды. Соның ішінде екеуіне тоқталсам. Біреуі - үздіксіз білім беруге аса мән берілді. Бұл мәселе осыған дейін де айтылған болатын. Онлайн білім беру жүйесіне қатысты Президент өзінің сыни пікірін айтты. Біз ел аралағанда бұл мәселені көтергенбіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дәстүрлі білімді әрі қарай жалғастыру мәселесі бойынша тапсырма берді. Ата-аналардың қалауы болса, оқушыларды дәстүрлі білім беруге көшіру мүмкіндігі бар, - деді ол.
Депутат жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне де тоқталды.
Президент осы Жолдауында бұл мәселеге барынша ден қойды. Оның ішінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесін алдағы жылы енгізуді тапсырды. Жолдау өте күрделі кезеңде жасалды. Жолдауда айтылған заңдық тұжырымдамаларды Парламент жан-жақты қарайтын болады, - деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.