Соңғы кезде елімізде отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері жиі тіркелуде. Бұл орайда заң талаптары күшейтілгенмен, нәтиже аз болып тұр. Біз осы бір өзекті тақырып жөнінде Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Эльмира Адамбековамен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енгені белгілі. Осы орайда қандай талаптар күшейді, қандай талаптар алып тасталды?
- Мемлекет басшысы ішкі істер органдарында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құруды тапсырып (ҚР Президентінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 409 Жарлығы), Ақтөбе облысы полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлім құрылды. Аталған бөлімнің қызметкерлері тікелей отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарымен айналысады: отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, жас отбасыларды қолдау, сондай-ақ отбасыларда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеп, алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар іске асырады.
2022 жылғы қыркүйекте Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату керектігін айтқан болатын. Осы мақсатында Қылмыстық Кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енді. Атап өтсек, жауапкершілікті күшейту бойынша алдымен құқық бұзушылықтарды тіркеу тәртібі өзгерді. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жәбірленушінің арызы негізінде тіркелетін болса, енді полиция қызметкерлері куәгерлердің айғақтары, бейнебақылау жазбалары сияқты дәлелдер негізінде әкімшілік іс қозғай алады. Екіншіден, татуласу мүмкіндігі шектелді. Сотта тек бір рет татуласуға рұқсат беріледі. Қайталанған жағдайда татуласуға жол берілмейді, бұл жәбірленушілерге психологиялық қысымнан құтылуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, әкімшілік жаза мерзімдері ұлғайтылды. Төртіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға қатысты жаза мерзімдері ұлғайтылды. Мысалы, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал заң аясында алынып тасталған талаптарға келсек,
Бұл жерде жәбірленушінің арызының міндеттілігі қазір аса маңызды емес. Бұрын әкімшілік іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет болатын. Енді бұл талап алынып тасталды, полиция дәлелдер негізінде әрекет ете алады. Екіншіден, қайталанған құқық бұзушылықтарда ескерту беру талабы алынып тасталып отыр. Бұрын кейбір жағдайларда ескерту беру мүмкіндігі болған. Енді қайталанған құқық бұзушылықтарда ескерту беру алынып тасталды, бірден қамауға алу шарасы қолданылатын болды.
- Биыл Ақтөбе облысында осы заң аясында қандай қылмыстық істер және бұзушылықтар тіркелді? 5 айдың қорытындысын өткен жылмен салыстырғанда тұрмыстық зорлық көргендер саны артты ма әлде азайды ма?
Ақтөбе өңірінде отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша биыл 88 қылмыс, оның ішінде кісі өлтіру бойынша — 1, денсаулыққа орташа зиян келтіру бойынша — 2, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша — 21, ұрып-соғу бойынша — 63, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру дерегі бойынша бір қылмыс тіркелді.
Профилактикалық жұмыстар жүргізу бойынша құқық бұзушыларға 2400 қорғау нұсқамасы шығарылды, ал соттың қаулысымен 630 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қойылды, оның ішінде 612 адамға алкоголь ішуге тыйым салынды.
Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 461-бабымен 183 құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, соттың қаулысымен қойылған ерекше талапты бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабымен 305 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Учаскелік полиция инспекторлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-бабы бойынша 2085 құқық бұзушыға әкімшілік жауаптылық жүктеді.
Сіз көп жылдан бері осы салада абыройлы еңбек етіп келесіз. Өзіңіз де жар, анасыз. Осы тұста айтыңызшы, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін зерттеп, істерді сараптағанда қандай жағдайларды жиі кездестіресіз? Ерлі-зайыптылар арасында қатігездік көп пе? Отбасылық дау-жанжалдарда зардап шегетін әйелдер көп пе, әлде ер адамдар ма?
Иә, мен көп жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімде қызмет етіп келемін. Өзіңіз айтқандай, мен де анамын, жармын. Сондықтан бұл мәселе маған кәсіби ғана емес, адами тұрғыдан да жақын. Өз тәжірибеме сүйенсем, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбісі ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсініспеушіліктен, қызғаныштан, материалдық қиыншылықтардан немесе ішімдікке салынудан туындайды. Бұл – ең жиі кездесетін себептер. Өкінішке қарай, зардап шегушілердің басым бөлігі – әйелдер. Олар көбіне ұзақ уақыт бойы мұндай қиындықтарға шыдайды, отбасын сақтау үшін үнсіз қалады, тіпті сотта да кешірім беріп жатады. Бұл – психологиялық және экономикалық тәуелділіктің нәтижесі. Әйелдер балалары үшін, баспанасыз қалмауы үшін немесе қоғамнан ұялып, зорлыққа төзіп жүре береді.
Сонымен қатар соңғы жылдары ер адамдардың да жәбірленуші ретінде жүгіну жағдайлары кездесе бастады, әсіресе психологиялық қысымға тап болғандар тіркелуде. Бірақ бұл өте сирек кездеседі және олар көбіне көмек сұрауға ұялады.
Жалпы, тұрмыстық зорлық – бұл бір сәттік эмоцияның көрінісі емес, ол ұзаққа созылатын жүйелі әрекет. Сондықтан бізге тек жазалау емес, алдын алу, психологиялық көмек, қоғамда бұл тақырыпты ашық көтеру маңызды.
- Қазір облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды паналататын арнайы орталықтар бар. Осы орталықтарға биыл қанша адам жіберілді? Ол жерде олар неше ай, жылға дейін тұра алады?
Ақтөбе облысының барлық аудандарында Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істеуде, Ақтөбе қаласының өзінде екі дағдарыс орталығы бар. Соңғы 5 айда осы дағдарыс орталықтарына 134 адам орналастырылды. Оның 35-і әйел болса, 99-ы — балаү Оларға 216 кеңес берілді. Атап айтсақ, 103 заңгерлік, 69 психологиялық, 44 әлеуметтік қызметкер бойынша құқықтық көмек көрсетілді. Жалпы, бұл орталықтарда аналар мен балалардың 6 айға дейінгі уақыт аралығында тұруға мүмкіндігі бар, қажет болған жағдайда мерзімнің уақыты созылып та жатады.
- Заң бойынша зорлық көрсетіп, қылмыстық іске тартылған тұлғалар кейін ақталған соң түзеле ме? Маман ретінде осы орайда пікіріңізді білдірсеңіз.
Теория жүзінде әр адамға екінші мүмкіндік берілуге тиіс. Заң алдында жазасын өтеген тұлға қоғамға қайта бейімделіп, қалыпты өмір сүруге құқылы. Алайда тәжірибеде бәрі бірдей емес. Зорлық көрсеткен тұлғалар кейін түзелу үшін міндетті түрде психологиялық көмек пен мінез-құлықты түзету бағдарламасынан өтуі керек. Егер бұл шаралар қолданылмаса, өкінішке қарай, кейбірі қайтадан қылмысқа барады. Сондықтан зорлық-зомбылық жасағандарға тек жаза емес, кешенді ресоциализация, яғни қайта әлеуметтендіру шараларын жүргізу қажет. Бұл – мамандардың, психологтардың, әлеуметтік қызметтердің бірлескен жұмысы.
- Отбасындағы тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу бойынша полиция департаменті тарапынан қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда? Былтыр “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік” акциясын өткіздіңіздер. Биыл бұл бағытта облыс көлемінде қандай шаралар өтеді?
Биыл Ішкі істер министрлігі тарапынан “Профилактика жылы” деп жарияланды. Осы бағытта жыл басынан бері Ақтөбе облысында алдын алу шараларын күшейту бойынша жұмыстар атқарылуда. Алайда азаматтардың белсенді қатысуы болмаса, бұл міндеттерді тиімді шешу мүмкін емес. Әр адам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда өзінің рөлін жіті түсінуі маңызды.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда департамент мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырды, сондай-ақ азаматтарды көп шоғырланған орындарда, атап айтсақ, Халық кеңсесінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, “Керуен Сити” сауда, ойын-сауық орталығында жыл басынан бері 254 іс-шара өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл аяғына дейін жалғаса береді.
- Көп жағдайда отбасылық жанжалдарда әйелдер зардап шегетіні аян. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек? Жұбайыңнан соққы алсаң алдымен кімге хабарласу керек? Көмек алу үшін қайда жүгінуге болады?
Иә, отбасылық жанжалдарда зардап шегетіндердің көбі – әйелдер. Бұған көбіне қаржылық тәуелділік, қорқу, ұялу себеп болады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кез келген әйел адам құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруы қажет. Одан кейін жолдасынан зәбір көрсе, уақытылы полицияға және дағдарыс орталығына жүгінгені жөн.
Жалпы, әрбір отбасында балаларға зорлық-зомбылықсыз өмір құндылықтарын жас кезінен үйрету маңызды. Ал тұрмыстық-отбасылық жанжалдар туындаған жағдайда және осындай кездерде болатын зардаптың алдын алу мақсатында жедел түрде 102, 111, 150 нөмірлеріне хабарласу қажет. Бұл байланыс орталықтары балалардың, отбасының және әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселелер бойынша өтініштерді қабылдайды, барлық қоңыраулар тіркеледі. Хабарласқан адамға қабылданған шаралар туралы міндетті түрде кері байланыс беріледі.
-Әңгімеңізге рақмет!