Астанада өтіп жатқан Comic Con Astana 2026 фестивалі аясында елордалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен қала әкімдігі «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша профилактикалық акция өткізді.
Іс-шара барысында фестиваль қонақтарына интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке деректерді қорғау және қаржылық қылмыстардың алдын алу жолдары түсіндірілді. Келушілерге киберқауіпсіздік талаптары бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды.
Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Дәулет Қазғұртовтың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары азаматтардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Comic Con Astana фестивалі жыл сайын мыңдаған жас пен жасөспірімді жинайды. Осыған байланысты ірі жастар алаңдарында профилактикалық акциялар өткізу цифрлық қауіпсіздік ережелерін кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.
Мамандар азаматтарды жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз адамдардың қаржылық ұсыныстарына сақтықпен қарауға шақырады.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық және цифрлық сауатын арттырып, интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.