Заң күшейтілгеніне қарамастан ақбөкендерді ату дерегі тоқтамай тұр

11 Қаңтар 2023, 17:10
1264
Бөлісу:
Заң күшейтілгеніне қарамастан ақбөкендерді ату дерегі тоқтамай тұр

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр жануарлар дүниесін дамыту және қорғау бағытына тоқталды. 

Сирек тұяқты жануарлар мен ақбөкендер санының жыл сайын артуы байқалуда. Мәселен, ақбөкендердің саны 1 млн 318 мыңнан астам басқа жетті. Сонымен қатар заңнаманың қатаңдатылуына қарамастан, ақбөкендерді ату фактілері тоқтамай тұр. Былтыр браконьерліктің 67 фактісі анықталды, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Айтуынша, ақбөкендер жүретін жерлерді сақтауда бірқатар шара қолға алынған.

Орал ақбөкендерінің мекендейтін жерлерін сақтау мақсатында 2022 жылы Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 657 мың гектар болатын «Бөкейорда» резерваты мен Ащыөзек қорығы құрылды. Ақбөкендердің санын басқару мақсатында биылғы жылы кешенді ғылыми зерттеуді бастау жоспарлануда. Бұл ретте, ақбөкендерді алып қоюға мораторийді келесі жылға дейін ұзарттылды, - деді Зүлфия Сүлейменова. 

Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жабайы жануарлар түрлерінің санын қалпына келтіру бөлігінде аңшылық саласын дамыту және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша стратегия, бағдарлама, тұжырымдама мен заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. 

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды іске асыру мақсатында нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар зоо-қоғамдық ұйымдармен және қажетті инфрақұрылымды (жануарларға арналған баспаналар, уақытша ұстау пункттері) құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тазы мен тобеттің қазақ халқының ұлттық игілігі екенін ескере отырып, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақ ит тұқымдарын сақтау және молайту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, - дейді министр. 

Өзгелердің жаңалығы