Алматы облысы Кеген ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылып, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне қайраткердің есімі берілді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс- шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.
Ескерткіштің ашылуын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев ашып, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстің ашылу рәсімін орындады.
Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіремі,- деді Нұржан Құдайбергенов.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.