Астанада алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен ашық чемпионат өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарысқа 20 адам қатысты. Олардың 8-і әйел, 12-сі ер. «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы жарыс өткен Параолимпиадалық жаттығу орталығында турнирге бір ай дайындық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ ол Showdown, яғни көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған үстел теннисі федерациясын құрған. Қазір федерацияның барлық облыста филиалдары ашылды.
Бұл теннистің денсаулыққа пайдасы мол және сезіну, сезу қабілеті күшейеді. Көзде маска болады, ал шариктің сылдырмақ сияқты дыбысы болады. Ойыншылар сол дыбыспен ойнайды, ракеткамен шарикті қақпаға кіргізуге тырысады, - дейді Жүзбай Серікұлы.
Жүзбай Серікұлы сондай-ақ көп жылдан бері Showdown теннисін Қазақстанға әкелу оны ойландырғанын айтты. Шет елдермен байланысып, осы спорт түрін зерттеу барысында ең үлкен мәселе арнайы теннис үстелдері болғанын айтады.
Мен алдымен «Көзімнің қарасы» мүгедектерге арналған қоғамдық бірлестігін аштым, Showdown теннисін сол арқылы әкелейін деп. Сосын теннис үстелін алайын десем, өте қымбат екен. Кейіннен Астанадағы жиһаз цехтарына барып, келісіп, орта бағада осы мәселені шештік, - дейді ол.
«Көзімнің қарасы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ерлер арасында 2-орынға ие болған жарыс қатысушысы Дәурен Елуқұлов Showdown теннисін дайындық барысында спорт деп ойламағанын, бірақ бара-бара қызығушылық пайда болғанын айтады.
Бұл Showdown деген теннис турнирін бізді үйде отырмасын деп, шынықсын деп, адамдармен араласып, көңілін көтерсін деп ұйымдастырып отыр деп ойлаймын. Үйде отырған қиын ғой. Көз дұрыс көрмеген соң ешқайда араласа алмайсың, қазір жұмыс істеу де қиын. Ал мынау спорттың жеңіл түрі ғой. Соған қатысайық, көрейік деп келіп тұрмыз, - деді қатысушы.
Іс-шара Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Жарыста ерлер арасында Айдар Саташев, ал әйелдер арасында Алина Нұрмағанбетова жеңіске жетті.
Енді жеңімпаздар 11 қарашада Дүниежүзілік зағиптар күніне орай ұйымдастырылатын республикалық турнирде бақ сынайды.