Заңсыз валюта, иесіз тауар, шұлықтағы марихуана

26 Қаңтар 2019, 12:57
2034
Бөлісу:
Заңсыз валюта, иесіз тауар, шұлықтағы марихуана

Астана, BAQ.KZ. «Алматы» шекаралық бақылау отрядының шекара наряды Алматы қаласының халықаралық әуежайында бүгін таңғы сағат 4.00 шамасында «Алматы – Дубай» бағытымен ұшқалы тұрған FZ – 736 әуе рейсінің жолаушылары арасынан 1987 жылы туған Қазақстан азаматын ұстады. Ол өзімен бірге декларацияланбаған 16 000 АҚШ долларын алып кетпек болған екен. Ақша актіленіп «Жетісу» кеден бекетіне тапсырылды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қорғастағы Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығының аумағынан, дәлірек айтқанда Қазақстанға қарай кіретін залдан шекарашылар кеден бекетінің қызметкерлерімен бірге жалпы салмағы 110 кг-ға жуық иесіз заттар (киім-кешек пен төсек жабдықтары) тауып алып, актімен «Алтынкөл» кеден бекетінің қызметкерлеріне тапсырды.

Сарыағаш шекара отрядының «Қазығұрт-авто» өткізу бөлімшесінде шекарашылардың есірткі іздеуге арнайы үйретілген қызметтік иті жолаушылар терминалының ішінде Өзбекстаннан біздің елге қарай өтіп келе жатқан 1983 жылғы өзбекстандықты меңзеді. Шекарашылар бұл азаматты жеке алып шығып, тексерген кезде оның шұлығының ішінен жабысқақ лентамен оралған 3 түйіншек тауып алды. Бұл сараптама қорытындысы бойынша, жалпы салмағы 65 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты. Ұсталған азамат айғақ затымен бірге ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы