Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатылды.
«Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның өз еркімен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші Парламент мәжілісіне келіп түсті. Зәуреш Хамитқызы ҚР Парламент мәжілісінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен ОСК мүшесі лауазымына тағайындалған болатын», - деді заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Зәуреш Баймолдинаға алғыс хат табыстады.
«Зәуреш Хамитқызын баршаңыз жақсы білесіздер. Мықты маман, білікті заңгер. Көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды үлкен абыроймен атқарды. Алдағы уақытта да зор табыс тілейміз. Біздің депутаттық корпустың арнайы дайындаған «Алғыс хатымызды» тапсыруға рұқсат етіңіз», - деді Н. Нығматулин.
Айта кетейік, Зәуреш Баймолдина 2012-2017 жылдар аралығында ҚР әділет вице-министрі болған.