Қызылордалық жастарға жеңілдетілген несиелер беріледі

21 Наурыз 2019, 14:07
2822
Бөлісу:
Қызылордалық жастарға жеңілдетілген несиелер беріледі

Астана, BAQ. KZ. Кәсібін жаңадан бастаймын деген қызылордалық жастарға 10 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілуде. Бұл туралы МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Жастар жылына орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Адал бизнес - табыстың кілті» атты аймақтық жастар форумы аясында 10 жас кәсіпкерге жылдық өсімі 6%-бен 59 млн теңгенің несие сертификаттары табысталды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері, кәсіпкерлік басқармаларымен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлесіп өткізген ашық форматтағы форумға облыс орталығы мен барлық аудандардан 400-ге жуық жастар делегациялары және 30-дан астам мемлекеттік мекемелер, қаржы ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер, жастар ұйымдары және бизнес құрылымдары қатысты.

Форумның басты мақсаты - жастар кәсіпкерлігін дамыту жолындағы түрлі сыбайлас жемқорлық көріністерін және әкімшілік кедергілерді жою, сондай-ақ, жастарды да адал, әрі таза бизнес жасауға шақыру.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов "Мемлекет тарапынан жастарға өз кәсібін ашуы үшін көптеген мүмкіндіктер жасалуда. Соның айқын дәлелі, бүгін 10 жастың жобасына 59 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп отыр. Жобалар аймақтық инвестициялық орталық арқылы қаржыландырылатын болады. Дегенмен кәсіпкерлік саласындағы бағдарламаларды жастар арасында насихаттау жұмыстары кемшін болып жатады. Бүгінгі шара барысында жастар тарапынан "кәсіпкерлік нысанын қалай тіркеймін", "гранттар мен несиелерді алу үшін қандай құжаттар тапсырамын" деген сауалдар болды. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Департамент тарапынан жастардың бизнестеріне әкімшілік кедергілердің болмауы қадағаланады. Кез келген бизнес субъектісінің заңды мүдделері қорғалатын болады", - делінген таратылған хабарламада.

Жеңілдетілген несиеге ие болған жастар жобаларының қатарында ауыл шаруашылығы, құрылыс өнімдерін шығару, қызмет көрсету салалары бар. Мәселен, 22 жастағы Жұмабекқызы Толғанай "Жылыжай шаруашылығы және 1000 басқа арналған бордақылау базасын салу жобасы" үшін 10 млн теңге несие алған.

Сонымен қатар, форум барысында кәсіпкерлікке арналған бағдарламалар мен гранттар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде жастарға консультациялық кеңестер беріліп, кәсіпкерлік бағыттағы несиелерге өтінімдер қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы