Астана, BAQ.KZ. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында» Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер телімдерін беру бойынша ашық аукцион ұйымдастырылды.
Жоба Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында мәлімдеген тапсырмасы бойынша жер телімдерін бөлудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, онлайн аукцион "Нұр Отан" партиясының коммерциялық мақсаттар үшін ұсынылатын бос жер телімдері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізуге бағытталған партия жобасы шеңберінде өткізіліп отыр.
Аталмыш аукционды ұйымдастыруда Қызылорда қаласының әкімдігі онлайн аукционға шығару үшін 39 бос жер телімін анықтады, шараға 70-тен астам кәсіпкер қатысты.
Аукционның ерекшелігі – картада көрсетілген жер телімдері туралы білу, желіде онлайн режимінде тіркелу және офлайн тәртібінде қатысумен тең онлайн қатысу мүмкіндігі. Бұдан басқа, жер қатынастары саласындағы барлық қызметтерді цифрлық форматта ұсынуға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірленді, яғни енді кәсіпкерлер үйінен шықпай-ақ, мақсатты өзгерту, жер телімдерін бөлу және т.б. қызметтерді компьютер арқылы алады.
Ашық аукционды өткізу әкімшілік кедергілерді азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, мемлекеттік орган мен кәсіпкер арасындағы тікелей байланысына жол бермеуді көздейді.
Алдағы уақытта кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер телімдерін беру бойынша онлайн режимде қатысу мүмкіндігімен ашық аукцион Орталық базасында өткізіліп отырады.
Айта кетейік, Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағыты бойынша пилоттық аймақ болып табылады.
Естеріңізге салайық, 2017 жылы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" ашылған болатын. Қазіргі таңда Орталық «бір өтінім» қағидаты бойынша 70-тен астам қызметтерді тегін ұсынады. Жер қатынастары саласындағы 21 қызмет, оның ішінде 7 мемлекеттік қызмет ұсынылады.