Қызылорда облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр

20 Наурыз 2020, 14:22
2358
Бөлісу:
Қызылорда облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Нұр Отан" партиясының Қызылорда облысындағы мүшелері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, бетперделер, антисептикалық құралдар таратып жатыр.

"Нұр Отан" партиясының Қызылорда облысы филиалы баспасөз қызметінің өкілі Нұрлыбек Қасымовтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған "BIZBIRGEMIZ" акциясына "Jas Otan" жастар қанатының еріктілері, кәсіпкерлер атсалысуда.

Кеше Партия төрағасы Нұсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау үшін "Біз біргеміз" акциясы басталды. Біз де соны қуаттап, аймағымыздағы мұқтаж жандарға көмектесуді ұйғардық. Төтенше жағдайда мұндай жәрдем аса қажет. Шамамен 1150 адамға қайырымдылық жасалады. Әрине акция барысында Төтенше жағдай талаптары орындалып жатыр. Еріктілер маска тақты, адамдармен жақын байланыс орнатпайды, – дейді ол.

Нұрлыбек Қасымовтың айтуынша, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында партияның облыстағы филиалдары қоғамдық қабылдау жұмысын онлайнға ауыстырды, сондай-ақ Сall-орталықтар қызмет етуде.

сутка.jpg

Сонымен қатар, Қызылордада білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы да қайырымдылық жасады. Одақ төрайымы Гүлнар Есқалиеваның айтуынша, тұрмысы төмен 362 отбасыға 5 миллион 430 мың теңге тұратын азық-түлік үлестірді.

Төтенше жағдайда көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем беру үшін бастауыш кәсіподақ басшыларымен сөйлесіп, келісіп, осындай қайырымдылық шарасын жасадық. 362 отбасыны есепке алдық, әрқайсысына 15 мың теңге жұмсап, азық-түлік алып беріп жатырмыз. Сындарлы сәтте қазақ халқының мәрттігіне, жомарттығына сай әрекет жасауымыз керек. Кез келген қиындықтан бірлікпен, татулықпен шықсақ, жеңіске жетеміз, елдігіміз бекем болады, – деді Гүлнар Есқалиева,

Айта кетейік, Сыр өңірінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу, алдын алу бағытында өңірлік штаб жұмыс істеуде. 20 наурыз бойынша аймақта COVID-19 коронавирус тіркелген жоқ. Өңірде санитарлы-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазіргі таңда 4 адам карантиндік стационарда мониторингтік бақылауда.


Өзгелердің жаңалығы