Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 300-ден аса мал қырылып қалды.
Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев айтуынша, ауа райының қолайсыздығы салдарынан мал шығыны болды. Күн жылынғанда шаруа қожалықтары қыстаудан жайлауға ертерек көшкен. Онысы өздеріне кесір болып тиді. Ауа райы күрт өзгеріп, қар мен жаңбыр мол түседі. Ақыр соңы уақ малдардың үсік шалуына алып келді.
«Қар астында шамамен есептесек, 250 бас қалып қойған. Соның ішінде 70 бас уақ мал табылып отыр. Олардың құлақтарын сырғасымен қосып, кесіп алдық. Суретке түсірілді. Қалғаны қар ерімейінше табу мүмкін емес», – дейді «Бақытжан» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Нәлібаев.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Калмаш Садуованың мәліметінше, қар астында 57 уақ малы қалған. Оның жетеуі ғана табылған.
Қазіргі таңда мал қырылған жерге екі тіркеме жоңышқа шөбі жеткізілді.
«Қар астында қанша мал қалғанын, нақты саны беймәлім. Қар ерісе, мал басын қайта санап шығамыз. Бүгінде Жаңақорған ауданы әкімдігі арнайы комиссия құрды. Оқиға болған жерде құрамында алты адамы бар жұмысшы топ жұмыс істеуде. Одан басқа, шаруа қожалықтың адамдары бар. Қажетті техникалар бөлінген. Мамандар да жеткілікті», – дейді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев.