Қызметтік көлікті жеке мақсатына пайдаланған шенеунік қатаң сөгіс алды

21 Ақпан 2019, 09:16
1616
Бөлісу:
Қызметтік көлікті жеке мақсатына пайдаланған шенеунік қатаң сөгіс алды

Астана, BAQ.KZ. Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Қанат Қалиевқа қызметтік көлікті жұмыстан тыс пайдаланғаны үшін қатаң сөгіс жарияланды.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Рүстем Бейсенқұлов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.

«Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығына Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысы орынбасарының қызметтік көлікті жұмыстан тыс пайдалануына қатысты қызметтік хат түсті», - Аталмыш факті бойынша тәртіптік іс қозғалған. 2019 жылы 16 ақпанда демалыс, яғни сенбі күні жол-патрульдік полиция батальоны тексеріс жүргізу кезінде Қамзин көшесі, 67/1 мекенжайы бойынша сағат 16.00-де «Greenwich» сауда үйінің аумағында «Kia Sorento» маркалы көлігі тұрғанын анықтаған. Полицейлердің ақпаратына сүйенсек, көлік Павлодар қаласында тіркеуде тұрған және сол кезде бөлім басшысының орынбасары Қанат Қалиев отырған. Ол полиция қызметкерлері автокөлікке тиісті құжаттарды ұсынуды талап еткен сәтте үйде тастап кеткенін айтқан. Тәртіп сақшылары көлікті мамандандырылған автотұраққа жеткізген», - дейді Рүстем Бейсенқұлов.  

Рүстем Бейсенқұловтың айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы электрондық хаттама толтыру кезінде Қанат Қалиевтің бұған дейін Павлодар қаласының әкімшілік сотымен 2016 жылдың 9 наурызында ҚР ӘҚК-нің 1-бөлімі, 608-бабына сәйкес мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үш жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болған. Мемлекеттік қызметшіге қатысты көлік құралын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан көлікті басқаруына байланысты хаттама толтырылған. Ол жауап алынған кезде өз кінәсін мойындап, сауда үйіне қызын алып кетуге келгенін айтқан.

«Сол кезде құрылыс нысандарының учаскелерінде болдым. Тұрғындардың шағымдануына қатысты Железнодорожный кентіне шақырту түскен. Сондықтан рұқсатсыз көлікті алып, жұмыс тобы келгенге дейін шығып кеттім. Көліктің кілті менде болған. Жүргізуші бекітілмеген. 38 мың теңгеге ешкім бармайды. Зейнеткерлерге рұқсат бермейді», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы