Астана, BAQ.KZ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен «Ұлы дала құпиясы» атты атты әдеби-тарихи танымдық экспедиция жасақталады. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қыздар университетінің «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекованың айтуынша, экспедиция қатысушылары еліміздегі тарихи-мәдени киелі жерлерге қатысты ғылыми жоба жүргізіп, аталған орындар туралы аңыздар, тың тарихи мәліметтер жинамақ. Сонымен қатар экспедиция мүшелері сакралды жерлердің инфраструктурасы туралы мәліметтер дерекқорын жинап, оны жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар дайындайды.
«Ұлы дала құпиясы» атты экспедициялық конкурс екі кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде университет студенттерінің үздік жобалары іріктелініп, келесі кезеңде жобада көрсетілген тарихи орындарға экспедицияға шығу жоспарланған.
Конкурсқа ұсынылған жұмыстарда зерттеу нысаны болып алынған өлке бойынша тың мәліметтер беріліп, Ұлы даланың жаңа қырлары кеңінен ашылуы тиіс. Сондай-ақ жобаның деректілігі мен фактографиялық маңыздылығы, тарихи сананы жаңғыртудағы материалдың актуалдығы және жұмыстағы тілдің тиянақтылығы мен ойдың ұшқырлығы да назарға алынады.