Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияcы және ЮНИСЕФ Қазақстан арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталмыш құжат биылғы жылдың ең маңызды спорттық оқиғаларының бірі аясында инклюзияны және балалардың құқықтарын ілгерілетуге бағытталған маңызды ынтымақтастықтың бастамасына айналды. ЮНИСЕФ Қазақстан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми коммерциялық емес серіктесі атанды.
Салтанатты шараға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Наиль Нұров, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі, д-р Рашед Мустафа Сарвар қатысты. Наиль Нұров өз сөзінде ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық ойындарды тек әсерлі ғана емес, сонымен қатар балалардың құқықтарын және маңызды шараларға қатысуын қамтамасыз ете отырып, қолжетімді етуге көмектесетінін атап өтті. «Дәстүрлі ұлттық ойындардың оқу-тәрбиелік әлеуеті зор, ұлттық ойындарда баланың ойдағыдай дамуы үшін бәрі бар. Олар балалардың төл мәдениеті туралы түсінігін кеңейтуге және халықтың әлеуметтік тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа беруге көмектеседі. Біз БҰҰ-ның халықаралық Балалар қоры ЮНИСЕФ-ті серіктесіміз ретінде көруге өте қуаныштымыз. Бұл 5-ші ойындарға ерекше мәртебе беріп, халқымыздың отбасылық құндылықтарын бірінші орынға шығарады», — деді Дирекция басшысы Наиль Нұров.
Дирекция басшысы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға берілетін жеңілдіктерге де тоқталды. Осылайша, алты жасқа дейінгі балалар Ойындарға тегін кіре алады. Ал Көшпенділер ойындарына 6 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, «Теңге ілу» мен «Құсбегілік» жарыстарына билет құны 500 теңге болса, мектеп оқушылары үшін билет 250 теңге тұрады.
Спорт пен дене шынықтыру әр баланың өмірінде маңызды мәнге ие. Олар балалардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, әлеуметтенуіне, денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Медальдар мен жеңістер құрметке бөлейтіні сөзсіз, бірақ спорттық жарыстарға қатысудың өзі балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау үшін одан да маңызды болып келеді.
ЮНИСЕФ барлық балалар үшін инклюзивті және қолайлы орта құруға септесу арқылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қуана қолдау көрсетеді. «Ойын құқығы Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген. Биыл Қазақстан Конвенцияны ратификацияланғанына 30 жыл толады, ал біз ең ірі халықаралық спорттық іс-шара — Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы құқыққа басымдық бергеніне өте қуаныштымыз. Біздің серіктестігіміз барлық ересектерге балалармен ойнау және оларға көбірек көңіл бөлу қаншалықты маңызды екенін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді д-р Рашед Мустафа Сарвар.
Меморандум балалардың құқықтары туралы хабардарлықты арттыруға, инклюзияны қамтамасыз етуге және ойындарды ұйымдастыруда техникалық қолдау көрсетуге бағытталған бастамалардың кең ауқымын қамтиды. Атап айтқанда, ЮНИСЕФ волонтерлерді оқытуға белсенді атсалысады, сонымен қатар Этно-ауылда балалар мен олардың ата-аналары үшін танымдық іс-шаралар мен интерактивті мастер-кластар өткізеді. Ғылыми бағдарлама аясында ЮНИСЕФ балалардың дұрыс және теңгерімді тамақтануы жөніндегі халықаралық стандарттармен және ұлттық зерттеудің нәтижелерімен бөліседі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында өтеді және 21 жарыстық спорт түрі бойынша 89 елден 2500-ға жуық қатысушының басын қосады. Осындай айтулы шара тек мәдени және спорттық мереке ғана емес, сонымен қатар балалардың құқықтары мен инклюзиясы туралы негізгі мәселелерді алға бастыруға көмектесетін алаң болады.
Қосымша ақпарат алу үшін https://worldnomadgames.kz/kz сайтына кіріңіз және әлеуметтік желілердегі ДКО және ЮНИСЕФ Қазақстан ресми парақшаларындағы жаңалықтарды қалт жібермеңіз.