Қытайлық компания Солтүстік Қазақстанға 100 милион доллар инвестиция құймақ

18 Қаңтар 2019, 18:14
2783
Бөлісу:
Қытайлық компания Солтүстік Қазақстанға 100 милион доллар инвестиция құймақ

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлға аспан асты елінен арнайы делегация келді. «Shaanxi Cool Chemical» компаниясының президенті Чжан Гаогинг Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесіп, әріптестік мәселесін талқылады.

Қытайлық компания Солтүстік Қазақстанға 100 милион доллар инвестиция құймақ

Шетелдіктерді қабылдаған Құмар Ақсақалов бұған дейін Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығы саласында қытайлық серіктестермен бірлескен бірнеше жобаның жүзеге асырылғандығын тілге тиек етті. Бұл жолы байланыс құрылыс саласында орнамақ.

«Бүгінде құрылыс саласына инвесторларды тарту маңызды. Былтыр бұл салаға құйылған қаржы көлемі 80 миллиард теңгеге жетті. 2019 жылға межелеген жоспар одан да көп. 1780 пәтер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар тұрғызылады. Шетелдік инвесторларға біздің елімізде біраз жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, кеден және салық шығындарына жеңілдік бар. Инфрақұрылымды өзіміз тегін жасап бере аламыз», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.  

«Shaanxi Cool Chemical» Қытайда ғана емес, басқа да мемлекеттерде беделі бар, тәжірибесі бай компания. Қазір аталған кәсіпорын Орталық Азия және ТМД елдерінде түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Инвестор енді Қазақстанда жұмыс істуге ниетті. Шетелдіктерді Петропавлда құрылысы жоспарланған 800 орындық көпсалалы аурухана жобасы қызықтырды.

«Біз көпсалалы аурухана мен тұрғын үйлерді салуға өз қызығушылығымызды білдіреміз. Бұл бағытта бізде мол тәжірибе бар. Орталық Азия елдерінде негізінен зауыттар мен автожолдар саламыз. Біз солтүстік өңірге 100 миллион долларға дейін инвестиция құюға әзірміз. Жоба толықтай дайын болған соң, жүзеге асыруға кірісеміз. Сондай-ақ химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және автожол құрылысы салаларында түрлі жобаларды іске асыруға дайынбыз», - деді Чжан Гаогинг. 

Жуық арада қытайлық компанияның мамандарынан құралған үлкен делегация жобаларды талқылау үшін облысқа жұмыс сапарымен келмек.

Эльмира Каленова

Фотолар: автор 

Өзгелердің жаңалығы