Ыстық шайға күйіп қалған ер адам 25 миллиард теңгеге жуық өтемақы алды

19 Наурыз 2025, 18:05
3493
Бөлісу:
Ыстық шайға күйіп қалған ер адам 25 миллиард теңгеге жуық өтемақы алды
Фото: news.sky.com/ видеодан скрин

Starbucks-тың ыстық шайынан зардап шеккен ер адам 50 миллион доллар (24 миллиард 813 миллион теңге) өтемақы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Sky News агенттігіне сілтеме жасап.

Starbucks клиенті Майкл Гарсия қызметкердің күйіп кететіндей ыстық шайды тамақ тасымалдауға арналған науаға жеткілікті мықтап бекітпегенін айтып, нәтижесінде ауыр күйік алғанын мәлімдеді.

Ыстық шай тізесіне төгіліп, терісін күйдіргеннен кейін тері ауыстыру отасын жасауға мәжбүр болған жеткізу қызметінің жүргізушісіне 50 миллион доллар (38,6 миллион фунт стерлинг) көлемінде өтемақы берілді.

Оның заңгерлік тобының айтуынша, Майкл Гарсия үшінші дәрежелі күйік жарақатын алған. Оның жыныс мүшелері, шап аймағы және санның ішкі бөлігі күйіп, өмірін өзгерткен тұрақты зақымға ұшыраған. Оқиға Калифорниядағы дәмханалардың бірінде орын алған.

Ол Starbucks-ты немқұрайлылық танытты деп айыптап, қызметкердің күйдіріп жіберетіндей ыстық шайды жеткілікті түрде бекітпегенін алға тартып, сотқа арыз берген.

Бейнежазбада Лос-Анджелестегі қызмет көрсету терезесінде Гарсияға үш сусын салынған науа берілгені, оның көлігіне отырып кетерде қиналғаны байқалады.

Лос-Анджелес округінің қазылар алқасы Гарсияның пайдасына шешім шығарды. Ол бұл оқиғаға байланысты 2020 жылдың 8 ақпанында сотқа арыз түсірген.

Starbucks апелляция беруді жоспарлап отыр

Sky NBC News мәліметінше, сол кезде Майкл Гарсия Postmates жеткізу қызметінде жүргізуші болып жұмыс істеген.

Клиентімнің өмірі түбегейлі өзгерді, – деп мәлімдеді оның адвокаты Ник Роули.

Ол сондай-ақ мұның қандай маңызды қадам болғанын атап өтті.

Бұл үкім Starbucks-ты клиенттердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартуда маңызды қадам болды, – деп қосты адвокат.

Өз кезегінде Starbucks Гарсияға жанашырлық білдіретінін, бірақ сот шешіміне келіспейтінін және апелляция беретінін айтты.

Біз бұл оқиғаға кінәлі екенімізді анықтаған қазылар алқасының шешімімен келіспейміз және берілген өтемақының тым жоғары екенін санаймыз, – делінген кофе желісінің ресми мәлімдемесінде.

Компания сондай-ақ ыстық сусындармен жұмыс істеу кезінде ең жоғары қауіпсіздік стандарттарын сақтауға міндетті екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы