Ыстық күндері майлы, тұзды тағамдарды жемеу керек

25 Маусым 2022, 18:56
1763
Бөлісу:
Ыстық күндері майлы, тұзды тағамдарды жемеу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәл қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірінде күн ыстық. 

Осы орайда елордадағы емханалардың дәрігерлері ыстық күндері денсаулыққа күтіммен қараудың жолдарын айтып, өз ұсыныстарымен бөлісті. Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты қалалық емхана дәрігерлерінің айтқан пікірлерін көпшілік назарына ұсынды. 

Ыстық өтіп кеткенде дене температурасын реттеуге жауап беретін компенсаторлық функциялар бұзылады. Ыстық күндері майлы, тұзды тағамдарды жемеу керек, – деді №1 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Алина Боргекова. 

Маманның айтуынша, күн өткен кезде тыныс алу қиындап, дене қызуы көтеріледі және бас аурады, сондай-ақ кейбір жағдайда адамдар естен тануы мүмкін. Ыстық күндері жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар өз денсаулығына күтіммен қарауы керек.

Мұндай кезде тромбоз болуы ықтимал және қан қысымы құбылып тұрады. Қатты ыстық стенокардия дертін қоздыруы мүмкін. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдар жылдың осы уақытында денсаулығына күтіммен қарауы керек, – дейді №4 қалалық емхананың кардиологы Жанат Сұңқарбекова. 

Дәрігерлер негізгі терапия талаптарын ескеруді және қажет дәрі-дәрмекті өздерімен бірге алып жүруге кеңес берді. 

Күн қатты ыстық уақытта далада көп отырмауы керек. Суды көбірек ішкен дұрыс болады. Бірақ кофеин мен қанты бар сусындарды алмаған дұрыс, – дейді Ж.Сұңқарбекова.

Өзгелердің жаңалығы