Жиынға Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл, қоғам қайраткерлері және жергілікті қазақ диаспорасының бірқатар белсенді азаматтары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен «Бірлік қазақ жастары» студенттер ұйымы 2023 жылдың 29 қыркүйегінде Ыстанбұл қаласында Қазақстан студенттерінің құрылтайын ұйымдастырылды. Құрылтайдың басты мақсаты – Түркияда білім алып жатқан және осы жылы оқуды бастаған жастарымыздың өзара бастарын қосып, оларға бағдар беру.
Бұл іс-шараға жиналған студенттердің басым көпшілігі Ыстанбұлға жаңадан келіп жатқан жастар болғандықтан Бас консул Н. Аманқұл оларды жаңа оқу жылымен құттықтады және шетелде жүргенде болу елінің заңдарын қатаң сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ, студенттерге консулдық тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетіндігін жеткізіп, алдағы уақытқа ортақ іс-шаралар өткізу мәселесі талқыланды.