Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бастамасымен Ыстанбұл қаласында ұйымдастырылған халықаралық көлік форумына барып қайтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған жиында SIPA бағдарламасының аясында Орталық Азиядағы өңірлік жүк тасымалдарын зерттеу жөніндегі жаңа жобаның таныстырылымы мен іске қосу рәсімі өткізілді.
Қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР ИИДМ Көлік саясаты және инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Зейнолла Ахметжанов жүк тасымалы саласында балама бағыт ретінде қарастырылып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік маршрутының артықшылығы мен маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ З.Ахметжанов осы саланы ұзақмерзімді перспективада дамытуды көздейтін Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тұжырымдамасының қабылдануы туралы ақпаратты ерекше атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар - ЭЫДҰ халықаралық көлік форумының өкілдері логистика және инфрақұрылымды дамыту саласындағы зерттеулерді іске асыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үмітті екендерін жеткізді.