16 қарашаға қараған түні Ыстанбұлдың Бешікташ ауданындағы Кабаташ даңғылында жаңа метро желісінің құрылысы жүріп жатқан аумақта жер опырылды. Оқиға 2027 жылы ашылуы жоспарланған M7 желісінің соңғы "Кабаташ" станциясы орналасатын жерде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Haber Global таратқан ақпаратқа сәйкес, опырылыс кезінде жер астында жұмысшылар қалған. Құтқару топтары дереу жетіп, бес адамды үйінді астынан шығарып алды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
Алайда зардап шеккендердің бірі медицина қызметкерлерінің барлық әрекетіне қарамастан көз жұмды.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталған жоқ. Қалалық қызметтер мен мамандар оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр. Құрылыс нысаны мен маңайдағы аумаққа қатысты ықтимал қауіптерге бағалау жүргізілуде.