Ыстанбұлда «Абайды тану» білім және шығармашылық конкурсы өткізілді

27 Сәуір 2024, 13:09
489
Бөлісу:
Ыстанбұлда «Абайды тану» білім және шығармашылық конкурсы өткізілді
Фото: gov.kz

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Зейтінбұрны ауданында орналасқан Абай Құнанбайұлы атындағы орта-мектебінде Ұлы ақынды Түркияда кеңінен таныту мен дәріптеу мақсатында «Абайды тану» атты білім және шығармашылық конкурсы ұйымдастырылды.

Ұлы тұлғаны танытуға арналған конкурс екі кезеңнен тұрып, білім жарысына аталған оқу ордасында білім алатын 700-ден астам түрік оқушылары қатысты. Бірінші кезеңде оқушылар Абай туралы кітаптар мен мақалалар негізінде әзірленген 40 сұрақтан тұратын тест тапсырып, нәтижесі бойынша алғашқы 140 оқушы Абай туралы түрік тілінде шығарма жазды.

Конкурс қорытындысы бойынша ең үздік 14 шығарма таңдалып, жүлдегерлер Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен Ыстанбұл білім беру департаменті тарапынан арнайы грамоталармен марапатталды.

«Абайды тану» бастамасы Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының еңбектерін бауырлас Түркияда кеңінен танытуға мүмкіндік беретін жаңа жоба болады.

Жүлдегерлерді марапаттау кезіңде Бас консул Нуриддин Аманқұл һәкім Абайдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор екенің, Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі болғандығына тоқталып, аталған бастама жыл сайын жалғасын табатындығын және осы жылғы конкурс қорытындысы бойынша «Абайды тану» 1-ші шығармашылық кітабын жарыққа шығаруды жоспарланғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы