Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экология саласындағы проблемаларды көтерді. Тапсырмалардың маңыздылығы туралы су шаруашылығы саласындағы ардагер қызметкер Аманжол Қожағұлов өз пікірін білдірді.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі өте маңызды. Президент бұл мәселені дұрыс көтеріп отыр. Қазір елде тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлер баршылық. Сол үшін де қалдықтардан қажетті заттарды жасап шығаратын кәсіпкерлерді ұйымдастырып, ынталандыру керек, - деді ол.
Ол атап өткендей, тұрмыстық қалдықтардан кәдеге жарамды біраз заттарды жасауға болады.
Мәселен, тұрмыстық қалдықтарды күйдіру арқылы саябақтарда орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер әзірлеген кәсіпкерлер бар. Осы сынды кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек. Себебі, тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлап, барынша пайдалануға болатын заттарды жасауға толық мүмкіндік бар, - деді ол.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысы барысында экология саласындағы проблемаларды көтерді.