Әйгерім Бегімбет MediaCAMP Award халықаралық байқауының жеңімпазы атанды

19 Қыркүйек 2020, 20:10
2972
Бөлісу:
Әйгерім Бегімбет MediaCAMP Award халықаралық байқауының жеңімпазы атанды
PHOTO

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі фотограф-журналист Әйгерім Бегімбет халықаралық MediaCAMP Award журналистика байқауында жеңіске жетті. Оның осы байқаудағы «Объектив» номинациясына ұсынған фотосуреті онлайн-дауыс беру нәтижесінде ең көп ұпай жинап, Орталық Азия көлемінде өткен байқауда үздік фотосурет атанды.

Әйгерім Бегімбет MediaCAMP Award байқауының «Объектив» номинациясына барлығы үш фотосурет ұсынған. «Объектив» номинациясына фотосуреттер қабылдау 31 тамызда аяқталды. Байқауға ұсынылған 33 фотосурет mediafest.asia сайтына жарияланып, 2020 жылдың 1 қыркүйегінен 18 қыркүйегіне дейін интернет дауыс беру жүргізілді.

Internews ұйымы MediaCAMP Fest фестивалі аясында өткізетін MediaCAMP Award байқауына 2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 мамыры аралығында жарияланған фотосуреттер қабылданады екен. Мен ойлана келе сол уақыт аралығында жарияланған фотосуреттерімді сұрыптап, таңдап, байқауға жібердім, - дейді Әйгерім Бегімбет.

1. Тар бөлмедегі күллі әлем.jpg

Әйгерім байқауға ұсынған үш фотоның біріншісі «Тар бөлмедегі күллі әлем» деп аталады. Бұл фото 2 шілде, 2019 жылы жарияланған. Арыс қаласында түсірілген.

Былтыр Арыстағы жойқын жарылыс кезінде жан-жаққа босып кеткен жұрт бес күннен кейін Арысқа қайта оралды. Арыстықтар үйіне оралғаннан кейін тағы да Арысқа барып, көше-көшені аралап келе жатқанбыз. Көптеген үйдің шатыры қираған, тіпті кейбірі түгел өртеніп кеткен. Ыс басқан қабырғалары қалқиып тұр. Көше аралап келе жатқанда үшінші үйдің қақпасынан кішкентай бала жүгіріп шығып: «Апай, сіздерде су бар ма? Шөлдеп отырмыз» деп айқайлады. Үйдің ішіне кірдік. Бұл үйдің 5 баласы бар екен. Анасы кішкентай төрт баласының қорқынышын сейілтіп, көңілін аулау үшін мультфильм қосып беріп, өзі шағылған терезе әйнектері мен құлаған қабырға сынықтарын жинап жүрді. Балалардың теледидар қарап отырғанын суретке түсіріп алдым, - деді Әйгерім Бегімбет.

Әйгерім Бегімбет MediaCAMP Award халықаралық байқауының жеңімпазы атанды

Ал екінші фото 2019 жылдың 6 қарашасында жарияланған. Түркістан облысының Қызылшаруа  ауылында түсірілген фото - «Байланыс аясынан тыс жерде» деп аталады.

Фотосуреттегі жас келін Ресейге жұмыс іздеп кеткен күйеуімен телефон арқылы тілдесу үшін күнде  қыр басына шығады. Бұл ауылда байланыс мүлдем жоқ. Байланыс ұстайтын жалғыз жер – осы. Сондықтан ауыл адамдары таныстарымен сөйлесіп, интернетке қосылу үшін дәл осы жерге келеді. Бұл фото 2020 жылдың көктемінде қашықтан оқу кезіндегі жағдайды да бейнелей алатынын көрсетеді, өйткені ауылдағы оқушылар, студенттер интернетке қосыла алмай, байланысқа шыға алмады, - дейді Әйгерім Бегімбет.

Әйгерім Бегімбет MediaCAMP Award халықаралық байқауының жеңімпазы атанды

Үшінші фото да Түркістан облысының Қызылшаруа ауылында түсірілген екен. «Орақ ұстаған отана» деп аталады.

Фотодағы кейіпкер есімі - Перизат Ысқақова. Ол 1996 жылдан бері, яғни 23 жыл бойы қамыс орып сатады. Бір күнде кемі 100 бума қамыс орады. Бір бума қамыс – 80 теңге. Ауылда біраз адам қамыс орып, күнелтеді. Ауылдан бұдан басқа жұмыс жоқ. Перизаттың екі ұлы Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Мен бұл қамыс оратын отбасы туралы «Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?» деген мақала жарияладым, - деді Әйгерім Бегімбет.

Осылайша Әйгерім Бегімбеттің «Байланыс аясынан тыс жерде» атты фотосуреті mediafest.asia сайтында 1127 дауыс жинап, MediaCAMP Award байқауының «Объектив» номинациясында жеңіске жетті.

Айта кетелік, MediaCAMP Award байқауы MediaCAMP Fest фестивалі аясында өткізілді. Бұл MediaCAMP Fest жобасы АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асып жатыр.

MediaCAMP Award байқауы бес түрлі номинациядан тұрады. Бес номинацияның төртеуі: «Билік және қоғам», «Жәрдемдесер уақыт», «Ерлер ел ішінде» және «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» деп аталса, бесінші номинация – жоғарыда айтылған «Объектив» номинациясы.

MediaCAMP Award 2020 байқауына Орталық Азия елдерінен 4 номинация бойынша барлығы 282 өтініш келіп түскен. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан ұсынылған материалдардың барлығы ел-ел бойынша жеке-жеке қаралып, сол бес елдің әрқайсысынан финалға өтті. Финалға өткен жұмыстардың барлығы байқаудың екінші – Аймақтық кезеңінде таласқа түсті. Бұл жұмыстардың барлығын Орталық Азия елдерінің мықты медиамамандарынан құралған әділқазылар алқасы бағалайды.

2020 жылдың 19 қыркүйегінде MediaCAMP Award байқауының жеңімпаздары анықталды.

   «Билік және қоғам» номинациясында жеңіске жеткендер:

1 орын – Гульнора Амиршоева, Тәжікстан

1 орын – Александра Ли мен Метин Джумашулов, Қырғызстан

2 орын – Лұқпан Ахмедьяров пен Рауль Упоров, Қазақстан

3 орын – Алиса Масалёва, Қазақстан

Жасын Біркенов (Қазақстан) және Ёдгор Исломбеков (Тәжікстан) осы номинацияның арнайы жүлдесіне ие болды.


«Жәрдемдесер уақыт» номинациясында жеңіске жеткендер:

1 орын – Алия Хамидуллина, Тәжікстан

2 орын - Оксана Акулова, Қазақстан

2 орын - Айжамал Туголбай қызы, Қырғызстан

3 орын - Елена Яковлева, Қырғызстан

Отабек Исроилов (Өзбекстан), Сайёра Шоева (Өзбекстан) және Ягуда Халилова (Түркіменстан) осы номинацияның арнайы жүлдесіне ие болды.


«Ерлер ел ішінде» номинациясында жеңіске жеткендер:

1 орын – Дия Байтенова, Қазақстан

2 рын – Бекжан Асылбеков пен Александра Титова, Қырғызстан

2 орын - Элмурат Аширалиев, Қырғызстан

3 орын - Уктам Ризоев, Тәжікстан

3 место — Мехрангез Турсунзода, Тәжікстан


«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясында жеңіске жеткендер:

1 орын – Жайнагүл Таласқызы, Қырғызстан

2 орын – Константин Башлаев, Өзбекстан

3 орын – Роза Әрен, Қазақстан

Елена Долгова (Түркіменстан) осы номинацияның арнайы жүлдесіне ие болды.

Өзгелердің жаңалығы