Йемен астанасы Сана қаласында хуситтер БҰҰ агенттіктерінің қызметкерлерін жаппай ұстады. Бұл туралы БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі Ханс Грундберг мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Мен Санa мен Ходейда қалаларында БҰҰ қызметкерлерін еркінен тыс ұстаудың жаңа толқынын, сондай-ақ БҰҰ кеңселеріне күштеп кіру мен мүлікті тәркілеуді қатаң айыптаймын. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның кем дегенде 11 қызметкері ұсталған, - деді ол.
The Guardian-ның хабарлауынша, хуситтердің рейді Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы , ЮНИСЕФ және басқа да гуманитарлық мекемелердің кеңселерін қамтыған. Иран қолдауына ие қозғалыс БҰҰ-ның азық-түлік, медицина және балаларға көмек көрсетуге жауапты бөлімшелерін нысанаға алған.
Грундберг хуситтерді барлық қызметкерлерді дереу және сөзсіз босатуға шақырды.
Айта кетсек, жағдай аймақтағы соңғы әскери шиеленіспен де байланысты. 30 тамызда «Ансар Алла» қозғалысының жетекшісі Махди әл-Машат Израильге қатаң ескерту жасап, қозғалыс жетекшісі Ахмед Галеб ар-Рахави қайтыс болғаннан кейін «қара күндердің» басталатынын мәлімдеді. Бұған дейін, 17 тамызда Израиль Қорғаныс армиясы Сана ауданындағы хуситтердің энергетикалық нысандарына зымыранмен соққы жасаған болатын.