«Ыбырайдың ізімен». Нұр-Сұлтан – Қостанай көпкүндік велошеруі өтеді

20 Тамыз 2021, 21:06
7412
Бөлісу:
«Ыбырайдың ізімен». Нұр-Сұлтан – Қостанай көпкүндік велошеруі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына және Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының 100 жылдығына орай Нұр-Сұлтан – Қостанай көпкүндік велошеруі өтеді.

«Нұр-Сұлтан – Қостанай» велошеруі 23 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойындағы Ыбырай Алтынсаринге орнатылған тақтатас жанынан бастау алады.

Қатысушылардың барлығы – әуесқой велошабандоздар. Мамандықтары әртүрлі. Мұғалім, журналист, зейнеткер. Веломарафоншылар мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізге ала отырып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын және Ыбырай атамыздың 180  жылдығын насихаттауға азаматтық үлес қосқысы келеді – дейді марафонның бастамашысы, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашы Ернат Мелсұлы.

Ашық аспан астында өтетін көп күндік велошеру елдегі, аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген санитарлық талаптар қатаң сақтала отырып, өткізіледі.

Іс-шараның бірнеше мақсаты бар. Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірін, бай мұрасын және ізбасарларының еңбегін өзіміз тану және танытуға, насихаттауға атсалысу; Қалың жұртшылықты, әсіресе жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үндеу; Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіну және сезіндіру, елді, жерді сүюді, патриотизмді насихаттау; Қоршаған ортаны қорғауға, айналаны, табиғатты аялауға үндеу – дейді ұйымдастырушылар.

Веломарафонның ұзақтығы – 750 (жеті жүз елу) шақырым. Бір бағытқа (Нұр-Сұлтан > Қостанай) ғана жасалады және 6 күнге созылады.

Велотоп Қостанай қаласына жеткен соң, осы қаланың іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып, ұстаз рухына дұға бағыштауды, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейімен танысуды және Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке баруды жоспарлап отыр – дейді Ернат Мелсұлы.

Марафонға 6 адам қатысады. Олар – Ернат Мелсұлы, бастамашы (инициатор), ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы. 2018 жылы 500 шақырымдық «Астана-Ақтоғай», 2019 жылы 208 шақырымдық «Қарағанды-Жаңаарқа», 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына арнап 1088 шақырымдық «Нұр-Сұлтан – Жидебай» велошерулерін ұйымдастырған.  1982 жылы туған. Айбек Климов, Қарағанды қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы №104 мектеп-гимназияда Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1992 жылы туған. Қайрат Ырғызбаев, Нұр-Сұлтан тұрғыны, зейнеткер, ҰКҚ запастағы подполковнигі, пенсионер. 2019 жылы бүкіл қазақ жерін аралап, 7 мыңнан астам шақырымды артта қалдырған (осы тізімдегі Эрнст Баймұхамбетов екеуі). 1964 жылы туған. Түгелбек Қасымов, Алматы тұрғыны, зейнеткер, ардагер-ұстаз, зейнеткер, 76 жастағы ақсақал «Атом қаруына жол жоқ!» деген ұранмен 2016 жылы Жапонияға белесебетпен барған. Ол жалпы 40 елді белесебетпен аралап шыққан. 1945 жылы туған. Эрнст Баймұхамбетов, Нұр-Сұлтан тұрғыны, ҚР Президентінің Күзет Қызметінің (қазіргі – ҚР Мемлекеттік Күзет қызметінің) отставкадағы полковнигі, зейнеткер. 2019 жылы бүкіл қазақ жерін аралап, 7 мыңнан астам шақырымды артта қалдырған (осы тізімдегі Қайрат Ырғызбаев екеуі). 1955 жылы туған. Қазыбек Бекеев, Нұр-Сұлтан тұрғыны, инженер болып жұмыс істеген,  зейнеткер. Бұған дейін «Петропавл-Алматы» бағытында 1800 шақырымды белесебетпен 104 сағатта жүріп өткен. 1954 жылы туған.

Өзгелердің жаңалығы