Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ыбырай Алтынсарин туралы деректі және көркем фильмдер шығару керек. Бұл ұсынысты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлы айтты.
Профессор Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығын, еңбектерін заманауи құралдар арқылы, әлеуметтік желілердің көмегімен жастар арасында кеңінен тарату керек екенін айтты. Бұл туралы ол бүгін «Ұстаздың ұлы келбеті - Ыбырай» конференциясында айтты.
Қарапайым адам ретінде, мемлекеттілігін қайта қалпына келтіріп жатқан қоғамның мүшесі ретінде Ыбырайдай тұлғаға лайықты құрмет көрсетіп, еңбегін елге орнымен, жүйесімен жеткізуді білуіміз қажет. Ол үшін мына шараларды атқарған ләзім: ағартушының 1975-1978 жылдары шыққан академиялық үш томдығын қайта қарап, толықтырып шығаруға жұмылған арнайы ғылыми комиссия (ҚР БҒМ Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары бірлескен) құрған мақұл. Қостанайдағы арнайы мұражайынан бастап республика мұражайларында ағартушыға бөлінген стендтерді жаңа әрі сапалы материалдармен толықтырған абзал. Ағартушы туралы деректі және көркем фильмдер шығарған дұрыс. Оның аса күрделі тағдырын, жасампаз күрес жолын бүгінгі тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің талабы тұрғысынан зерделейтін зерттеулер жүргізуді жолға қойған жөн, - деген ұсыныстар айтты ол.
Конференция ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай ұйымдастырылды.