Yandex Qazaqstan ерекшеліктері бар адамдарға арналған 17 сервисті бейімдеді

 Yandex Qazaqstan Бүгiн 2026, 17:30
Бүгiн 2026, 17:30
283
Фото: Yandex Qazaqstan

Цифрлық қолжетімділік туралы дүниежүзілік ақпараттандыру күніне орай Yandex Qazaqstan компаниясы көру, есту, сөйлеу және қимыл-қозғалыс ерекшеліктері бар адамдарға бейімделген 17 сервисінің мүмкіндіктері туралы мәлімдеді. Компания арнайы жобаны іске қосты. Онда сервистерді пайдаланудың түрлі сценарийлерін – маршрут құру мен Таксиге тапсырыс беруден бастап кітап оқу мен фильм көруге дейін – бір жерге жинақтады.

Yandex Qazaqstan сервистері пайдаланушыларға күнделікті өмірдегі түрлі міндеттерді шешуге көмектеседі. Мысалы, Таксидегі арнайы опциялар арқылы жолаушылар көлікті табуға көмек сұрай алады, мүгедектер арбасымен болатынын немесе сапарға қатысты өзге де ерекшеліктерді алдын ала көрсете алады. Бұл мүмкіндіктерді пайдаланушылар 1,5 миллионнан астам рет қолданған. Ал Яндекс Әңгіме сервисі сөйлеуді мәтінге айналдырып, хабарлама арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді – бір жылдың ішінде сервис көмегімен 31 мыңнан астам сөйлесу жүзеге асқан.

Сонымен қатар Қазақстандағы Яндекс Браузер қолданушыларының жартысы кем дегенде бір қолжетімділік баптауын қосады.

Компания инклюзивті шешімдерді жүйелі түрде дамытып келеді. Мәселен, жаңартуларды қолжетімділік стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, түрлі ерекшелігі бар адамдармен бірге тестілеуден өткізеді. Мұндай тәсіл пайдаланушылардың нақты қажеттіліктерін ескеретін технологиялар жасауға мүмкіндік береді. Кейбір шешімдер уақыт өте келе бастапқыда жоспарланғаннан да кең қолданысқа ие бола бастаған.

Көлік және мобильділік

Яндекс Go сервисінде денсаулық ерекшелігі бар пайдаланушылар Таксиге тапсырыс беру кезінде арнайы опцияларды таңдай алады: «Көлікті табуға көмектесіңіз», «Тек мәтін арқылы сөйлесемін», «Мүгедектер арбасымен боламын», «Сөйлемеймін, бірақ естимін». Жүргізуші жолаушыны қалай қарсы алып, қандай көмек көрсету керектігі жөнінде нұсқаулықты алдын ала алады. 2023 жылы іске қосылған сәттен бері Таксидегі арнайы мүмкіндіктерді 124 мың бірегей пайдаланушы қолданып, олар 1,5 миллионнан астам сапар жасаған.

Такси сервисі есту қабілеті бұзылған жүргізушілерге де бейімделген: дыбыстық хабарламаның орнына жарық сигналы беріледі, ал жолаушы сапар ерекшеліктері туралы алдын ала хабарлама алады. Сервис деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда Яндекс Go платформасымен есту қабілеті бұзылған 1525 жүргізуші серіктес ретінде жұмыс істейді. Олар ай сайын 150 мыңнан астам сапар орындайды.

Қолжетімді қала

Яндекс Карталар маршрутты алдын ала ыңғайлы жоспарлауға көмектеседі. Қазақстанның 2400-ден астам елді мекеніндегі 80 мың ұйымның карточкасында пандус, лифт, автоматты есік секілді қолжетімділік туралы мәліметтер көрсетілген. Алматы мен Астанада жаяу бағыт құру кезінде алгоритмдер 4500-ден астам баспалдақ пен пандус туралы деректерді ескеріп, ең қолайлы жолды ұсынады. Бұл мүмкіндік қимыл-қозғалысы шектеулі адамдарға ғана емес, арбамен жүретін ата-аналарға да пайдалы.

Ақпаратқа қолжетімділік және байланыс

Бүгінде компанияның 16 сервисі экрандық қолжетімділік бағдарламаларымен жұмыс істеуді қолдайды. Олардың қатарында Яндекс Go, Карталар, Алиса AI, Браузер, Кинопоиск, Яндекс Кітаптар және басқа да сервистер бар. Мұндай бағдарламалар экрандағы ақпаратты дауыстап оқып, көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға интерфейсті дыбыс арқылы қабылдауға көмектеседі.

Кейбір сервистерде қосымша мүмкіндіктер де қарастырылған. Мысалы, Яндекс Браузердегі нейрожелі экрандық қолжетімділік бағдарламалары үшін суреттердің сипаттамасын автоматты түрде жасай алады, веб-парақтардағы мәтінді дауыстап оқиды және компьютер арқылы сайттардағы видеоларды қарау кезінде субтитрлерді автоматты түрде қалыптастырады.

Алиса көру, сөйлеу және қимыл-қозғалыс ерекшеліктері бар адамдарға ақпарат іздеу, ақылды үйді басқару, музыка мен аудиокітаптарды қосу секілді күнделікті міндеттерді дауыс арқылы орындауға көмектеседі. Технология сөйлеу ерекшелігі бар пайдаланушылардың сұраныстарын, соның ішінде кекештенетін, церебралды сал ауруына шалдыққан, инсульт немесе жарақат салдары бар адамдардың сөзін тани алады. Сөйлеуді тану моделін оқытуға 300-ден астам адам қатысқан.

Яндекс Әңгіме сервисі есту ерекшелігі бар адамдарға еститін адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Бір жыл ішінде қосымшаны 2,5 мыңнан астам адам пайдаланып, 31 мыңнан астам сөйлесу бастаған. Қосымша сөйлеуді мәтінге айналдырып, терілген хабарламаларды дауыстап оқиды. Сервис қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Ойын-сауық сервистері

Кинопоиск платформасында 50-ден астам фильм мен сериал тифлокомментарийлермен ұсынылған. Бұл – көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған, экрандағы әрекеттерді, мимиканы және қоршаған ортаны дыбыстап сипаттайтын аудиосүйемелдеу. Бұдан бөлек, шамамен 80 жоба саңырау және нашар еститін көрермендерге арналған SDH-субтитрлермен жабдықталған. Олар диалогтарды ғана емес, кімнің сөйлеп тұрғанын, қандай дыбыс немесе музыка естіліп тұрғанын да көрсетеді.

Ал Яндекс Кітаптар сервисінде аудионұсқасы жоқ 120 мың кітапты виртуалды диктордың көмегімен тыңдауға болады.

Наверх