Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада "Тәуелсіздік сарайында" WorldSkills Kazakhstan V республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстанның әр өңірінен келген 400 астам қатысушы 38 мамандық (құзыреттілік) бойынша сайысады. Олардың біліктіліктерін 500 жуық сарпшы бағалайды.
Ауқымды шараны Білім және ғылым министрлігі мене "Кәсіпқор холдингі" коммерциялық емес АҚ ұйымдастырып отыр. Чемпионатқа мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, мемлекеттік органдар өкілдері, кәсіпорындар қызметкерлері, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының педагогтары қатысады. Бұл іс-шара білікті кадрларды даярлауға және жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби білім сапасын арттыруға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.Чемпионат қатысушыларының дағдыларын тамашалауға келгендер қарасы аз емес. Жасөспірімдер Семей электротехникалық колледжі әкелген роботтар маңайына топтасқан. Колледж директоры Азат Сарпбеков чемпионат басталған кезден бес жыл бойы студенттерінің қатысып келе жатқанын айтты.
Студенттеріміздің білімін тексеретін және оларды жігерлендіретін жақсы алаң болып отыр. Біздің колледж он құзыреттілікке қатысады, соның ішінде "мехатроника", "ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару" бар. Мұнда балалар "мобильді робототехника" бойынша жұмыстарын қойды. Оны тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында, сондай-ақ оқу және әскери бағытта қолдануға болады. Бөлшектерді әртүрлі елден алдырамыз, негізгі корпусын өзіміз құрастырып, программалаймыз, - деді Сарпбеков.
Семей электротехникалық колледжін биыл ғана бітірген Александр Бетцольд чемпионаттың "мобильді робототехника" бойынша сарапшысы. Қазан қаласында өткен әлем чемпионатында ол командаластарымен бірге "метахроника" құзыреттілігі бойынша "профессионализм" номинациясы медальонын алып, "Ұлттар үздігі" атанды.
Колледжді тәмамдаған соң бірден жұмысқа тұрдым. Осындай жарыстарға қатысу жұмысқа орналасуға көмектесті. Қазір өзім команда даярлаймын. Бұл роботтар төрт дөңгелектің көмегімен кез келген бағытта қозғала алады. Оларды программалауға, құрауға болады. Программалауға екі сағатттан бес сағатқа дейін уақыт кетеді. Бұл роботтың үстіңгі және төменгі рамалары бар: төменгі бөлігінде – дөңгелектер, жоғары жағында қару мен камера орналасқан. Мұны телефон көмегімен және арнайы джостикпен басқара аламыз, - деді ол.
"Интернет заттар" компетенциясының бас сарапшысы Абдулазизжон Вафаев бұл құзыреттілікке Кентау, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтау қалаларынан бес қатысушы қатысып отырғанын айтты.
Олардың жұмыстары жеке модульдерге бөлініп, әр күннің соңында бағаланады. "Интернет заттар" құзыреттілігінің мәні компьютер болсын, ұялы телефон болсын барлық объектіні арнайы интерфейсте wi-fi арқылы біріктіру. Мысалы "ақылды үй" жүйесі "Интернет заттарға" жатады. Он аймақтан екі адамнан құралған командалар қатысып жатыр. Ресейден бір команда тәжірибе алмасу мақсатында шақырылды. Олар дүкендерде тауарларды сұрыптау үшін мобильді роботтар әзірлейді. Тауарлардан бөлек, әртүрлі түстегі гольф шарларын анықтап, түстеріне қарай сұрыптай алуы тиіс, - деді сарапшы.
"Мобильді робототехника" бойынша бас сарапшының орынбасары Бекзат Бектенов қатысушыларға берілген тапсырманы түсіндірді.
Роботтар супермаркетте жүріп объектілерді палеткаларға қоюы керек. Содан кейін оны көтеріп, сауда залына апаруы тиіс. Мұның бәрі автоматты режимде жүреді. Әр қатысушы бүгін кешке роботтарының неге қабілетті екенін көрсетеді. Бір күннің ішінде құрастырып шығарды. Командадағы екі адам әмбебап болуы тиіс. Алайда әрбірінде өз міндеттері бар, біреуі программист болса, екіншісі инженер. Қатысушылардың барлығы аймақтық кезең жеңімпаздары атанған 17-21 жас аралығындағы балалар. Әр роботты құрастыруға 782 бөлшек беріледі. Оларды бұрап, электросызбаларды қою керек, - деді Бектенов.
"Бизнеске арналған IT шешімдер" құзыреттілігі сарапшысының орынбасары Евгения Гунинаның сөзінше 11 аймақтан келген қатысушылар әртүрлі платформаларда жол-көлік оқиғалары бойынша мәліметтерді тіркейтін мобильді қосымша әзірлеуі тиіс. Жүйе мәліметтерді жинап қана қоймай, одан кейін жол-көлік оқиғасы бойынша жұмыстарды жоспарлауға мүмкіндік береді. 11 сарапшы олардың жұмыстарын тексеретін болады.
"Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару" құзыреттілігінің сарапшысы Евгений Смирнов Павлодар, ШҚО, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды облыстарынан бес команда келіп отырғанын айтты.
Қатысушылар дронды басқарады. Бүгін үшінші модуль өтіп жатыр. Қатысушылардың дрондары әртүрлі кедергілер бойынша ұшуы тиіс. Арнайы зонадан көтеріліп, теннис добын алып оны арнайы себетке апаруы тиіс. Алғашқы модульде дрон арқылы кедергілерден өтсе, екінші модульде арнайы көзілдірікті киіп кедергілер арқылы ұшады, - деді ол.
Биыл ерекше білім алу қажеттіліктері бар және есту қабілеті бұзылған адамдардың арасында екінші рет кәсіби шеберлік ұлттық чемпионаты өтіп жатыр.
Чемпионатымызға мектеп пен колледж оқушылары қатысады. Бұл шара олардың кәсіби шеберлігін дамытуға, әрі қарай жұмысқа тұруға бағыттайды. Бүгін бізідң алаңда жеті құзыреттілік қойылған: графикалық дизайн, майда моншақпен тоқу, тігінші, шаштараз, флористика, терімен жұмыс, өнеркәсіптік автоматика, сәндік қолданбалы өнер. Қазақстанның бес өңірінен 42 қатысушы келді. Келер жылы қатысушылар саны артады деп үміттенеміз, - деді Abilympics және DeafSkills Kazakhstan ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Әділ Нысанов.
Шығыс Қазақстан облысындағы "Ақниет" мектеп интернатынан келген Ерзат Табиев "робототехника" құзыреттілігіне қатысады.
Мен мұны бір жарым сағатта құрастырдым. Робот қара жолмен жүреді, қысқыштармен қысады. Автоматты түрде компьютер арқылы программаны енгізесіз немесе пультпен де басқарылады. Мұнда үшінші рет қатысып отырмын. Былтыр Қазақстан бойынша бірінші орын алдым. Әлемдік жарысқа енді дайындаламын. WorldSkills арқылы жаңа технологияларды білуге болады және өзіңді дамыту үшін керек. 3D модельдеуге де қатысамын. Екі жыл бұрын осы Астана қаласында 2-орын иелендім, - деді ол.
Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің студенті Әйгерім Байбосынова, чемпионатқа екінші рет қатысып отыр. Биыл облыстық кезеңде бірінші орынды алған. Ол денсаулық жағдайы оқуға кедергі келтірмейтінін айтады.
Киім тігіп, безендіремін. Тігуге бес сағат, безендіру бір жарым сағат кетті. Бірінші орын аламын деп ойлаймын. Чемпионатқа елдің түкпір-түкпірінен қаншама адам келді, сол себепті Қазақстанның болашағы үшін пайдалы деген ойлаймын, - дейді ол.
Чемпионат "кірпіш қалау", "плиткамен қаптау", "құрақ құрылыс және сылақ жұмыстары", "сырлау және сәндік жұмыстар", "сантехника және жылыту", "электромонтаж жұмыстары", "ағаш ісі", "дәнекерлеу технологиясы", "электроника", "сандық бағдарламалық басқару бар станоктар токарлық жұмыстары", "көрнекі мерчендайзинг пен витринистика", "жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету", "кузовты жөндеу", "прототиптеу", "шатыр жұмыстары", "мехатроника", "зертханалық және химиялық сараптау", "веб дизайн және әзірлеу", "графикалық дизайн", "желілік және жүйелік басқару", "CAD инженерлік графикасы", "Бизнеске арналған ІТ шешімдер", "мобильді робототехника", "ақпараттық-кабельдік желілер", "интернет заттар", "өндірістік автоматика", "ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару", "мейрамханалық қызмет көрсету", "медициналық және әлеуметтік күтім", "шаштараз өнері", "сән технологиясы", "мектепке дейінгі оқыту", "бастауыш сыныптарда оқыту" және "флористика" құзыреттіліктері бойынша өтіп жатыр.
Қазақстан 2014 жылы WorldSkills International-ға толық мүше болды. 2015 жылдан республикалық деңгейде чемпионаттар өткізіледі және қазақстандық жас мамандар әлемдік чемпионаттарға қатысып келеді.