Бүгін Астанада X Республикалық WorldSkills Kazakhstan–2025 чемпионатының ашылу рәсімі болып өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпіріндегі колледж студенттері қатысып, жұмысшы және техникалық мамандықтар бойынша өз шеберліктерін көрсетпек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
WorldSkills – 1950 жылы бастау алған, бүгінде 80-нен астам елді біріктіретін халықаралық ұйым. Ал Қазақстан оның құрамына 2014 жылдан бері қосылған. Сол уақыттан бері елімізде қозғалыс қарқынды дамып, әр өңірде аймақтық чемпионаттар өткізіліп келеді.
Ал бүгінгі чемпионатқа сол өңірлерден жеңімпаз болған үздіктер келіп отыр. Республика бойынша жалпы 825 қатысушы 45 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олар экономиканың негізгі бағыттарын қамтиды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Мұханбетов байқау жеңімпаздарына халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік берілетінін айтты.
Бұған дейін сайыстар шамамен 30 құзырет бойынша өтсе, биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында олардың саны 45-ке дейін көбейіп отыр. Чемпионатқа қатысушылардың жұмысын 700-ден астам сарапшы бағалайтын болады. Сайыс жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен халықаралық дәрежедегі байқауға жолдама алады, – деді ол.
Сайысқа еліміздің барлық өңірінен кіл “сен тұр, мен атайын” деген жастар жиналған. Солардың бірі – маңғыстаулық Алтынбек Аманғали. Ол өткен жылы өткен байқаудың төртінші кезеңінде бірінші орынды алған қатысушы.
Өткен жылы WorldSkills Kazakhstan байқауында жеңімпаз атандық. Байқау маған жылдам болуды үйретіп қана қоймады, сондай-ақ достар таптым. Биыл сол өткен жылғы тәжірибемді мығымдап, қайта жеңуге келдім, – дейді қатысушы.

Ал Атыраудан келген қатысушы Сағатжан Нұртас өңірдегі сайыста жеңімпаздар қатарынан көрініп, республикалық көлемде бағын сынауға келіп отыр.
Бүгін робототехника саласы бойынша сайысқа түсуге келіп тұрмын. Өз өңірімізде зауыттарда салмақты заттарды тасуға арналған робот құрастырып шықтық. Бүгін мықты дайындықпен келіп тұрмыз, – дейді ол.

Байқау 4–6 желтоқсан аралығында EXPO халықаралық көрме орталығының алаңдарында өтеді.