Астаналық колледж студенттері “Worldskills 2024” чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Білім басқармасына сілтеме жасап.
14-18 қараша аралығында өткен республикалық чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 550-ден астам студент 30 құзіреттілік бойынша бір-бірімен жарысып, білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу және т.б. құзыреттіліктер болды.
Командалық есеп бойынша Астана қаласының студенттері 5 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль, сондай-ақ кәсібилігі үшін 6 медаль алып еліміз бойынша командалық есепте бірінші орынға табан тіреді, - делінген хабарламада.
Республикалық байқаудың қорытынды кешіне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, барлық студентті жарқын белестерімен құттықтап, ел мерейін арттыра беруді тіледі.
Айта кетейік, жеңімпаздарымыз келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.