Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Талап» КЕАҚ ұйымдастырған WorldSkills Kazakhstan – 2023 VIII Республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үш күн бойы өңірлік чемпионаттардың жеңімпаздары 30 құзырет және 7 бағыт бойынша үздік атану үшін бақ сынасты. Салтанатты марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Министр өз сөзінде барлық қатысушыларды техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы айтулы шарамен құттықтап, ел экономикасын дамытудағы жұмысшы мамандықтарының рөліне ерекше тоқталды.
«WorldSkills Kazakhstan – бұл жұмысшы мамандықтарын меңгерген студенттер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын ауқымды чемпионат. Осындай шараның арқасында еліміздегі жетекші компаниялармен ынтымақтастық орната аласыздар. Әлемдік рейтингтегі позиция да айтарлықтай нығайып келеді. Биыл біздің студенттер EuroSkills Gdansk турнирінің тарихындағы ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, екі медаль мен төрт «Үздік медальон» жеңіп алды. Жұмысшы мамандықтарының өкілдері - еліміздің күш-қуаты. Сондықтан да Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, колледж студенттеріне жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Байқау жеңімпаздарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова марапаттады. WorldSkills Kazakhstan-2023 VIII республикалық чемпионатында барлығы 100 медаль: 38 алтын, 26 күміс және 36 қола ұтысқа салынды. 153 қатысушы «Үздік медальонын» жеңіп алды.
Командалық есепте 30 құзырет бойынша 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған Абай облысының командасы көш бастады. Екінші орынды Алматы қаласының командасы иемденіп, 4 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын алған Шымкент қаласының құрамасы 29 құзырет бойынша 5 алтын, 2 қола медальді қанжығасына байлады.
Бұдан басқа, кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары еліміздің жетекші компанияларынан: «Grohe», «Knauf», «1С Казахстан», «Robert Bosсh», «Welding Company», «ESAB» және т.б. жұмысқа шақыртулар алды. Конкурстың барлық 545 қатысушысы WeDoEducation-нен таңдаған түрлі салалардағы кез-келген мамандық бойынша білім алу үшін гранттарға ие болды.
Еске салайық, «WorldSkills Kazakhstan 2023» VIII республикалық чемпионаты 2023 жылдың 23-25 қарашасы аралығында өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 545 студент пен 510 сарапшы қатысты. Сайыс қатысушылары 30 құзырет бойынша өз жұмыстарын таныстырды. Олардың ішінде кірпіш қалау, құрылыс және сылақ, сантехника және жылу жүйесі, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, кондитер, шаштараз ісі, мейрамхана сервисі және т.б. болды. Жеңімпаздар 2024 жылдың 10-15 қыркүйегі аралығында Францияның Лион қаласында өтетін WorldSkills халықаралық чемпионатына барады.