"Еңбек" бағдарламасына өзгерістер енгізілді

27 Қаңтар 2020, 22:02
1872
Бөлісу:
"Еңбек" бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ұсыныстары негізінде "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді.

24 қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ұсыныстарын орындалуы қарастырылды.

Агенттік барлығы 31 ұсыныс енгізді, бүгінгі күні оның 23-і – толық көлемде, 5 – ішінара, 3 – орындалмаған, - деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қабылданды.

Атап айтқанда, жалған жұмысқа орналасуды болдырмау мақсатында мемлекет субсидиялаған жалақы бөлігі бұрынғыдай жұмыс берушіге емес, мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына тікелей төленеді. Азаматтарды қысқамерзімді кәсіптік курстарға жіберу тек жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, кеңес барысында мүгедектікті анықтау кезінде сырттай куәландыру жүргізу бойынша проблемалық мәселелер айтылды, - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің дайын болмауы, цифрланған медициналық техниканың болмауы және жергілікті атқарушы органдардың жолдамаларды электрондық форматқа ауыстыру бойынша әрекетсіздігі.

Кеңес қорытындысы бойынша осы мәселелерді шешу жолдары белгіленді.

Агенттік ұсыныстарды орындау мониторингін жалғастырады. Сырттай куәландыруды енгізу мәселесі біздің ерекше бақылауымызда, - деп атап өтті кезегінде Олжас Бектенов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттік төрағасы мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығы негізінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы