Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы бюджеттік мекемелердің, жылу беретін кәсіпорындардың және тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайлардағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 003,3 мың тоннаны құраса, бүгінде соның 600,2 мың тоннасы немесе 60%-ы тасымалданған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2623 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 167,4 мың тонна көмір отыны және 5 420,6 мың литр сұйық отынмен толық қамтылған.
Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде жалпы 38 қазандық болса, бүгінгі күнде оның 32-сі жылыту маусымына толық дайын. Ал қалған 6 қазандықтың күрделі жөндеу жұмыстары биыл 15 қазанда аяқталады. Жалпы облыс бойынша 1475 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 586-сы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Барлық үй 100 пайыз қысқы маусымға дайын, – деді Әбілхан Әбдіқадыров.
Негізінен жалпы тұрғындардың көмірге деген қажеттілігі 732,2 мың тонна болса, соның 415 мың тоннасы тасымалданған. Теміржол стансасы қоймаларындағы 1 тонна көмір 11 500-16 500 теңге аралығында саудалануда.
Ал мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі 9,6 мың тонна. Бүгінде 15 қазаннан бастап тасымалдау жөнінде тасымалдаушы мекемелермен тиісті келісімшарт жасалған.
Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.