WhatsApp-қа жаңа функциялар қосылады. Ол қандай? 

Енді пайдаланушының контактілеріндегі соңғы сторилар «Чаттар» бөлімінің жоғарғы жағында көрсетіледі.

 pixabay.com 18 Ақпан 2026, 17:27
18 Ақпан 2026, 17:27
628
Фото: pixabay.com

WhatsApp жаңа редизайнды сынақтан өткізіп жатыр. Android-қа арналған бета-нұсқада статус жаңартулары «Чаттар» бөлімінің жоғарғы жағына орналастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі WABetaInfo-ға сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желілердегі соңғы үрдістердің бірі – жеке хат алмасудың артуы және уақытша жарияланатын сторилардың кең таралуы. Көпшілік өмірінің тұрақты цифрлық ізі қалғанын қаламайды, сондықтан ашық пікір алаңынан гөрі жеке чаттарды таңдауға бейім. Сарапшылар мұны мессенджерлер интерфейсінің өзгеруімен байланыстырады.

WABetaInfo порталының мәлімдеуінше, Android жүйесіне арналған WhatsApp-тың соңғы бета-нұсқасында (2.26.6.9) статус жаңартуларының көрсетілу форматы өзгерген. Енді пайдаланушының контактілеріндегі соңғы сторилар «Чаттар» бөлімінің жоғарғы жағында көрсетіледі. Олар профильдік суреттер арқылы белгіленеді.

Жоғарғы панельде негізінен пайдаланушы жиі хат алмасатын және статус жариялаған адамдардың жаңартулары шығады. Ал төменгі мәзірдегі «Жаңартулар» бөлімі сақталған. Бұл функция толық жойылмайтынын білдіруі мүмкін. Дегенмен, әзірге бұл – ерте бета-нұсқа. Соңғы нұсқада өзгерістер енгізілуі ықтимал.

Егер пайдаланушы белгілі бір адамның статусын бұғаттаған болса, оның сторилары жаңа панельде де көрсетілмейді. Қазіргі уақытта редизайн тек Android-тың бета-нұсқасында байқалды. iOS жүйесіне енгізіле ме – ресми ақпарат жоқ.

Көп елде WhatsApp әдепкі мессенджерге айналған. Пайдаланушылардың бір бөлігі қосымшаның қарапайым әрі түсінікті болғанын қалайды. Сол себепті артық функцияларды өшіріп, тек чат мүмкіндігін қалдыруға сұраныс артуы мүмкін.

WhatsApp-ты ашқан сәтте негізгі мақсат – хат алмасу. Ал жаңа редизайн бұл балансты қалай өзгертетінін уақыт көрсетеді.

Бұған дейін де WhatsApp-та қолданушылар жылдар бойы күткен жаңа функция пайда болғанын хабарлаған болатынбыз. Meta компаниясы компьютерде WhatsApp-ты қолданатын пайдаланушылар үшін маңызды жаңарту әзірлеп жатыр. Енді мессенджердің веб-нұсқасында дауыс және бейнеқоңыраулар пайда болады. Бұл функция ұзақ уақыт бойы тек қосымшаларда ғана қолжетімді болған.

Наверх